Зауыт құрылысына 16 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салынған.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында темір-бетон бұйымдарын шығаратын жаңа зауыт ашылды, деп жазады sputnik.kz.
"SG Beton"зауыты 15 мың шаршы метрге жуық аумақта орналасқан. Өндіріс ошағы толықтай заманауи құралдармен жабдықталған. Әрі жұмыс барысында озық технологияны пайдаланады, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
"Нысан қуаттылығы жағынан еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі болмақ. Зауыт құрылысқа қажетті бұйымдардың кең көлемін өндіруге қауқарлы. Атап айтқанда, мұнда плита, баспалдақ, темір-бетон тосқауылдар, панельдік төбелер, іргетас блоктары шығарылмақ. Сондай-ақ үшкір қадалар мен өзегі қуысты тақталар өндіру де көзделіп отыр", - делінген хабарламада.
Зауыт құрылысына 16 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салынған.
Өндіріс кешені германиялық Maxtruder фирмасының құралдарымен жабдықталған. Жұмыс процесінің толықтай автоматтандырылуы адами фактор тарапынан болатын өндірістік қателіктерді болдырмайды және жұмыс барысын барынша жылдамдатуға мүмкіндік береді. Өнім шығару екі ауысым бойынша ұйымдастырылмақ. Кәсіпорын 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Айта кетеріі, жобаның бастамашысы әрі авторы – "G-PARK" ЖШС құрылыс компаниясының бас директоры Ғабит Сатмағамбетов. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған жоба ең алдымен, құрылыс компаниясының өзін сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Ал артылған өнімдер нарыққа шығарылмақ. Ал бұл елорданы жергілікті сапалы құрылыс материалдарымен қамтуға мүмкіндік береді.