Өкінішке қарай, сәбиді құтқару мүмкін болмаған.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында дәрігерлер үш литр қан жоғалтқан жас босанған әйелді құтқарып қалды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ведомствода мәлім еткендей, 18 шілде күні сағат 13.20-да Ақмола облысының Біржан Сал ауданынан облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығына жүктіліктің 35-ші аптасындағы 37 жасар әйел ауыр халде келіп түскен.
«Жағдай қайғылы аяқталуы мүмкін еді, алайда медицина қызметкерлерінің бірлескен жұмысы мен жедел ем көрсетуінің арқасында әйелдің халі жақсарды. Қазіргі таңда денсаулығы бірқалыпты, емін жансақтау бөлімінде жалғастыруда», - дейді өңірдің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Фатима Россолова.
«Кувелер жатыры (жатыр мен плацентаның апоплексиясы) – өмірге қауіп төндіруші симптомдар кешені. Плацентаның әлсіреуінен қан тоқтамай қояды. Салдарынан қан жатырдың бұлшықетті қабығынан өтіп, құрсақ қуысына енеді. Одан бөлек те диагноздары бар, сондықтан әр секунд маңызды болды», - дейді облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Айымкүл Маханова.
Дәрігерлердің айтуынша, өкінішке қарай, сәбиді құтқару мүмкін болмады. Дегенмен әйелді үйінде жеті баласы күтіп отыр.