АҚШ-та тұратын қазақстандық жігіт әйелді суицидтен құтқарды

0
666

Оқиға күтпеген жерден болған.


АҚШ-та тұратын қазақстандық жігіт әйелді суицидтен құтқарды

ERNUR.KZ. АҚШ-та 28 жастағы Ақжан Аңсағанов әйелді суицидтен аман алып қалды, деп жазады Tengrinews.kz.

Оқиға туралы журналист Талғат Алманов Instagram-да жазды. Ол Ақжанның әйелді қалай құтқарғаны түсірілген видеоны жариялаған. Оның айтуынша, оқиға 2 қарашада Гавайи аралдарының Гонолулу қаласында болған.



Ақжанның айтуынша, оқиға күтпеген жерден болған.

"Мен үлкен тасжол үстінен өтетін көпір бойымен келе жатқанмын. Қатты ашуланған 35-40 жастағы әйел маған қарай келе жатты. Алдымен қасынан өтіп кеттім, кейін артыма бұрылып, дұрыстап қарадым. Сол кезде ол көпірдің шетіне шығып, құлайын деп тұрғанын көрдім", - деді Ақжан.

Ол жан-жағына қарап, көпір астындағы полицейлерді байқаған. Бірақ олардың назарын аударуға тырысқанымен, үлгермейтінін білген.

"Сол сәтте басымда түрлі ой болды. Күшім жетпей құтқара алмай қалсам ше? Шетелде жүрген мен үшін бұның арты жақсылыққа апармаса ше? Полицейлер көпір астында тұрып әйелге жақындамауымды бұйырды. Бірақ мен олардың бұл жағдайда дәрменсіз екенін түсіндім, ең жақын тұрған мен едім.
Өмірімнің соңына дейін өкінгеннен гөрі дәл қазір тырысып, құтқарғаным жақсы деп ұйғардым. Жүгіріп барып әйелді ұстап алдым. Соңында өтіп бара жатқандар көмектесті. Полицейлер келгенге дейін оны шығарып алдық", - деді Ақжан.

Қазақстандық бұл оқиғаны ешқайда бөліспеген. Ол бәрі аман қалғанына, бәрі ойдағыдай аяқталғанына қуанышты екенін айтты. Кейін бұл оқиға туралы Гонолулу мэрі Рик Бланжардиге хабарланған. 8 қарашада ол Ақжанға алғыс хат табыстап, бұл күнді Гавайи аралындағы Гонолулу қаласында Ақжан Аңсағановтың күні деп жариялады.

Айта кетейік, Ақжан Шығыс Қазақстан облысындағы Теректі ауылының тумасы. Бес жылдан бері АҚШ-та жұмыс істейді, қазір Америкалық инвестициялық компания басшысының Орталық Азия бойынша кеңесшісі (American Investment компаниясының Орталық Азия бойынша кеңесшісі).