Ақсуда 12 миллиард теңгеге салынған жаңа қазандық іске қосылмады

0
453

Құрылысы алты жыл бұрын басталған нысан жылу маусымына дайын емес.


Ақсуда 12 миллиард теңгеге салынған жаңа қазандық іске қосылмады

ERNUR.KZ. Павлодар облысының Ақсу қаласында бюджеттің 12 миллиард теңгесі жұмсалған жаңа қазандық биыл да іске қосылмайтын болды, деп жазады stan.kz.

Құрылысы алты жыл бұрын басталған нысан жылу маусымына дайын емес. Екібастұздың күйін кешуден қорыққан халық жанын шүберекке түйіп отыр. Халық жылуды ферроқорытпа зауытының ескі қазандығынан алып отыр. Оның істен шығу қаупі бар.

Ақсудағы жаңа қазандық 2019 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Бірақ түрлі сылтаумен құрылысы ұзаққа созылып кеткен. Алты жыл аралығында нысанды салуға қазынадан 12 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

73 мыңға жуық адам тұратын қала Ақсу ферроқорытпа зауытының қазандығы арқылы жылытылады. Ондағы қазандықтар 90%-ға тозған. Оған қоса қаланың ішкі жылу жүйесі де ескірген. Жауапты мамандар жобада болмаған бір ғана қондырғының кесірінен жаңа қазандықты іске қоса алмай жатқанын айтты.

“19 қазанда мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шығуы тиіс, күтіп отырмыз. Осыдан кейін жұмыстар жалғасады. Жабдықтарды заңдастыруды жоспарлап отырмыз”, – деді мердігер Дәулет Әбдірахманов.

Әкімдіктегілер жаңа қазандықпен қаланы толық жылумен қамтуға болатынын айтты. Ал мердігер қазандықтың қуаты тек жарты Ақсуды ғана жылытуға жетеді дейді. Облыс басшылығы тұрғындар жылусыз қалмайтынына сенімді. Айтуларынша, биыл зауыттағы алты қазандық жөнделіп жатыр.

“Ақсу қаласының тұрғындарына жылу мәселесі туындап тұрған жоқ. Бізде қазір істеп тұрған қазандық бар. Ол жерде жөндеу жұмыстары аяқталып келе жатыр. Енді сәл ғана жұмыстары қалды. Осы он күн ішінде аяқталуы керек”, – деп мәлімдеді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Енді қазандықтың қашан іске қосылары белгісіз. Жоғары аудиторлық палата миллиардтаған қаржының есебін анықтауға кірісті.