Ақтөбе облысында ауыл әкімі пышақ жарақатынан қаза тапты

0
567

Шаруа қожалығының басшысы мен ауыл әкімі арасында жанжал болған.


Ақтөбе облысында ауыл әкімі пышақ жарақатынан қаза тапты

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарабұлақ ауылының әкімі қаза тапты, деп жазады tengrinews.kz.

Басылым мәліметінше, аудан әкімі пышақ жарақатынан қаза тапқан. Облыстық денсаулық сақтау департаменті мәліметінше, ер адам пышақ жарақатын алып, көп қан жоғалтқан. Ол аудандық ауруханаға жеткізілген кезде қайтыс болған.

ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, 12 желтоқсанда сағат 00.50-де Ақтөбе облысы Алға аудандық полиция бөлімінің 102 нөміріне шаруа қожалықтарының бірінде кісі өлтіру оқиғасы болғаны туралы хабарлама түскен.

"Тергеу-жедел тобы шаруа қожалығының басшысы мен 36 жастағы ер адам арасында жанжал болғанын анықтады. Жанжал барысында фермер жәбірленушінің ішіне пышақ жарақатын салды. Осы оқиға салдарынан 36 жастағы ер адам қайтыс болды", - делінген ІІМ хабарламасында.

Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша соталды тергеу басталған. Қажет сараптамалар тағайындалған, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Алға ауданы әкімдігі сайтында Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Ернар Махамбетов екені жазылған. Ол 36 жаста, Ақтөбе облысының Алға ауданында дүниеге келген.

2003 жылдан 2007 жылға дейін Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін "Кеден ісі" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2012 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылдық округінің жетекші маманы болып бастаған. 2014 жылы "Ақкемер ауылдық округі әкімі аппараты" ММ бөлім меңгерушісі болған. 2019 жылғы 2 сәуірде Алға ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған.