Қазір сатып, пайда тапқандар жазаланды.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде мектеп директорлары мен мұғалімдер біліктілікті арттыру тестінен өткенімен, бұл құжаты жалған болып шықты. Қазір сатып, пайда тапқандар жазаланды. Ал облыстық Білім басқармасы тізімге енген 800-ге жуық педагогтің аты-жөнін қайта нақтылауды сұрап отыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақтөбедегі педагогтердің жалған құжаты тестілеу орталығын тексеру кезінде анықталып отыр. Қылмыстық іс бойынша төрт сотталушы «Авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу», «Өкiлеттiктердi терiс пайдалану», «Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру» баптарымен айыпты деп танылып, жауапқа тартылды. Олар бас бостандығынан айырылған жоқ. Дегенмен шығынды толық өтеу үкімі шығарылды. Іс материалына сүйенсек, 2022 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында мұғалімдер мен мектеп директорларын кедергісіз тестілеуден өткізіп, қызметі үшін ақша алған. Бұл мән-жайдан Ақтөбе облыстық Білім басқармасы хабардар.
«Бұл жөнінде әлі толық айта алмаймыз. ҚР ҰҚК тарапынан тізім келді. Ол – нақтыланбаған тізім. Өйткені ол тізімде тестілеуден мүлдем өтпеген адамдардың аты-жөні жүр. Сондықтан да ҚР ҰҚК-не қайта тізім беруді, нақтылауды сұрадық. Тізімді күтіп отырмыз. Жалпы құзырлы органдардың барлығына, атап айтар болсам, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне, прокуратураға құқықтық баға беруді сұрадық. Ол педагогтерге қандай шара қолдануға болатынын сұрап отырмыз», - деді Ақтөбе облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Егер мұғалімдердің кінәсі дәлелденсе, екі түрлі шара қолданылады. Біріншісі – педагогтердің санатын «педагог» біліктілік санатына дейін төмендету. Екіншісі – бес жылға дейін қайтадан біліктілік санатын көтеруге тыйым салу. Тізім нақтыланғаннан кейін Білім басқармасы осы екі шараны қолданады.
«Үстемеақыны бюджетке қайтаруға байланысты айтар болсам, тізім қолға алынғанда есептеледі, кері қайтарылады. Тізім бойынша 885 адам бар. 800-ге жуығы – Ақтөбенің адамы. Олар 2021-2022 жылдары аралығында тест тапсырған. Мұғалім де, мектеп директоры да бар арасында. «U-Study» ЖШС-не қатысты тергеу жүріп, сол кезде анықталып отыр бұл. Негізі педагогтердің біліктілігін бағалау процесін Білім басқармасы бақыламайды. Санатын көтеру екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, білімін бағалау, яғни, тестілеу. Екіншісі жетістіктері туралы партфолио жинақтау. Екіншісін ғана білім басқармасына тапсырады. Ал тестілеу «U-Study» ЖШС мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүргізіледі. Олар тәуелсіз. Білім басқармасы олардың жұмысына араласа алмайды», - деді Нұргүл Бертілеуова.