Алаяқтықтың жаңа түрі: танымал дизайнер ешкімнен ақша сұрамағанын айтты

0
684

​Ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, елдегі карантин кезінде айлакерлердің қырық түрлі қулығының құрбаны болып жатқандар көбейген.


Алаяқтықтың жаңа түрі: танымал дизайнер ешкімнен ақша сұрамағанын айтты

ERNUR.KZ. Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Карантин уақытында айла-тәсілін асырғысы келгендер әлеуметтік желілерде танысы арқылы хабарлама жіберіп, ақша сұрайды. Сөйтіп, қомақты қаржыны өз картасына аудартып алуда. Алайда, жоспарланған сценариймен арам пиғылын жүзеге асырғандарды құрықтау әзірге мүмкін болмай тұр, деп жазады sputniknews.kz.

Олардың ойлап тапқан айла-тәсілі қандай? Жақында осындай алаяқтардың құрығына Құралай Нұрқаділова ілікті. Оның атынан таң сәріде таныстарына хабарлама жіберген. Сөйтіп, қиын жағдайға тап болғанын айтып, қомақты қаржы сұрапты. Десе де, күдіктенген жақындары анық-қанығын білмек болып дизайнердің өзіне хабарласқан.

"Менің атымнан таныстарымның телеграмм чатына "Мен Құралаймын, тез көмектес" деп жазған. Сағат таңғы 6-да. Олар ештеңе түсінбей ұйықтай берген. Сосын "Не болып қалды?" деп маған телефон соғады. Байланыс жоқ болғандықтан, мен телефонды ала алмаймын. Содан таныстарым басқа адамдардан ватсап нөмірімді алып, скрин жіберген", – дейді дизайнер Құралай Нұрқаділова.

Танымал дизайнер ешқашан, ешбір жаннан ақша сұрамағанын айтады. Сол себепті алдағы уақытта дәл осындай жағдай бола қалса, алданбауды ескертеді.

Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, карантин уақытында айлакерлердің қырық түрлі қулығының құрбаны болып жатқандар көбейіпті.


"Көп адам қазір мессенджер қолданады: инстаграм, телеграм, ватсап. Онда көп ойын, сауалнама болады. Соған қатысып хакерлерге олар өздері туралы хабарлама береді. Олар мәліметті алып, сол арқылы кімнің акцияға қатысқанын біліп отырады және сілтемелер жібереді. Сол сілтемемен өткен кезде смартфондағы байланыстарды хакерлер өз серверіне салып алады", – дейді "EsEt" компаниясының ақпараттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Ақтайлақ Аймұрашев.


Соңғы кездері әлеуметтік желіде сан соққан зардап шеккендер алаяқтардың құрығына ілініп жатқанын жарыса жазуда. Алайда, полицияға арыз түсірген ешкім жоқ көрінеді.


"Мұндай мәлімдеме, арызбен әлі ешкім шағымданбады. Дегенмен, айта кететін бір жайт – бұл қылмыс болып табылады. Яғни, мұндай алаяқтық деректер Қылмыстық кодекстің 190-бабымен сараланды. Ол үшін кем дегенде үш жылдан аса бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.


Осылайша тәртіп сақшылары ақпараттық тұрғыда сақтық шараларын күшейтіп, жеке мәлімет пен карта нөмірін ешкімге бермеу керектігін айтады. Сондай-ақ, алаяққа қатысты уақтылы арыз жазса, оларды ізін суытпай құрықтау қиындық тудырмайды екен.