Әлемдік рейтингте қазақстандық оқушылар нашар нәтиже көрсетті

0
986

PISA тесті - 15 жастағы білім алушылардың оқу, математикалық және жаратылыстану ғылымы сауаттылықтары бойынша дағдыларын бағалайды


Әлемдік рейтингте қазақстандық оқушылар нашар нәтиже көрсетті

ERNUR.KZ. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы PISA-2018 ресми нәтижесін жариялады. 15 жастағы қазақстандық оқушылардың нәтижесі әлем бойынша орташадан төмен болған. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылардың мұндай төмен көрсеткіш алуын түсіндірді, деп жазады Tengrinews.kz.

PISA тесті - 15 жастағы білім алушылардың оқу, математикалық және жаратылыстану ғылымы сауаттылықтары бойынша дағдыларын бағалайды. Осы бағыттардың біреуі әр 3 жыл сайын негізгі бағыт болып табылады. Бұл берілген сұрақтардың жартысына жуығы белгілі бір бағыт бойынша басым болатынын білдіреді. PISA-2018-де PISA-2009-дағыдай оқу сауаттылығы басым бағыт болды.

"PISA-2018-дегі оқу сауаттылығы бойынша орташа балы 387, математикадан 423 балды және жаратылыстану ғылымы бойынша 397 балды құрады. Бұл өзіміз күткен көрсеткіштер екенін бірден мәлімдеймін және олар ЭЫДҰ бойынша орташа балдан төмен (ЭЫДҰ бойынша оқу - 487, математика - 489 және жаратылыстану - 489). Біздің PISA-2009 және 2012-дегі нәтижелерімізбен салыстырғанда төмендеу байқалады. Нәтижелеріміз PISA-2009-дағыдан оқу және жаратылыстану бойынша 3 балға төмендесе, математикадан, айтарлықтай, 18 балға жақсарған. Соңғы рет оқу сауаттылығы PISA-2009-да негізгі басым бағыт болғандықтан, салыстыруды осы зерттеу циклімен жүргіземіз", - деді министр Facebook желісіндегі парақшасында.

Министр балалардың нәтижелерінің төмендігіне қарамастан асығыс қорытынды жасамауға шақырып, бұл нәтижелердің артында бірнеше фактор тұрғанын айтты.

"Біріншіден, тест Қазақстан үшін алғаш рет компьютерлік форматта өтті. Біздің балалар үшін бұл - алғашқы тәжірибе. Тестте өткен сұрақтарға кері қайту мүмкіндігі болмағанын да ескерген жөн. Қалыптасқан әдет бойынша оқушылар қиын сұрақтарға қайта оралуға немесе өз жауаптарын қайта қарауға үйренген. Мұнда, қағаздағы нұсқамен салыстырғанда, олай жасай алмайды. Егер PISA-2015-тің нәтижелеріне қарасақ, онда 57 қатысушы ел алғаш рет компьютерде тест тапсырып, нәтижесінде көптеген елдің балы төмендегенін көруге болады. Мысалы, PISA зерттеуі көшбасшыларының бірі Кореяның нәтижелері математика бойынша 30, жаратылыстану бойынша 22 және оқудан 18 балға төмендеген", - дейді министр.

Екіншіден, PISA-дағы нәтижелерді жақсарта алатын біздің білім беру жүйесіндегі өзгерістер 15 жастағы білім алушыларға әлі де әсерін тигізбеді (2002 жылғы балалар). Өйткені, PISA-2018 қатысушылары - жаңартылған білім беру мазмұнына көшпегендер. Жаңартылған бағдарламалардың әсерін біз PISA-2021-ден бастап көре аламыз, ал ең дұрысы - PISA-2024. Осы уақыт аралығында PISA-2024 тапсыратын білім алушылар жаңартылған білім мазмұн бойынша 7-8 жыл оқып үлгереді екен.

"Үшіншіден, зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың негізгі бөлігін 9 (44 пайыз) және 10-сынып (53,4 пайыз) оқушылары құрады. Басқа елдерде мектепке қабылдау жасы нақты бекітілгендіктен, тиісінше, PISA қатысушыларының көпшілігі бір параллельден болды. Мысалы, Жапония (100 пайыз) және Сингапур (90 пайыз) елдерінен қатысушылар 10-сынып оқушылары болып табылады", - дейді министр.

Аймағамбетовтің айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектебінің нәтижелері білім беру бағдарламаларының тиімділігін көрсетті. НЗМ оқушыларының нәтижелері оқу сауаттылығынан 511 балды, математикадан 554 және жаратылыстанудан 526 балды құрады. Олардың көрсеткіштері PISA-2018-дегі көшбасшы елдердің нәтижелеріне сәйкес.

"Нәтижелер мектептегі білімге өзгерістер қажет пе деген сұраққа тағы бір мәрте оң жауап берді. Келесі зерттеу 2016 жылдан бастап енгізілген оқу бағдарламаларын жаңарту бойынша таңдалған стратегия тиімді ме деген сұраққа жауап бере алады", - дейді министр жазбасында.