Әлихан Смайылов Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысын тексерді

0
567

Қазіргі уақытта арнайы бөлінген 12 га аумақта 91 үй салынып жатыр.


Әлихан Смайылов Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысын тексерді

Үкімет басшысы Әулиекөл ауылына барып, алапат орман өрті салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға арнап салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі уақытта арнайы бөлінген 12 га аумақта 91 үй салынып жатыр, әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Үйлердің маңайындағы жер учаскелеріне барлық қажетті инфрақұрылым – газ, су, электр энергиясы тартылады. Үйлерге апаратын жолдарға асфальт төселеді.
Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерге салынып жатқан үйлер

Болашақта үйлерді су баспау үшін ҚазҚСҒЗИ жобалау институты геологиялық ізденіс негізінде іргетасты жерасты суларынан 2,5 м қашықтықта орнату бойынша жоба әзірледі.

Премьер-министрдің тапсырмасымен алаңда орнатылған бейнекамералардың арқасында құрылыс барысы онлайн режимде бақыланып отыр.
Әлихан Смайылов барлық қажетті жұмысты жүргізу үшін үкімет 2,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлгенін атап өтті.
"Қазір әкімдік пен мердігерлердің алдында құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде – 2 айда сапалы аяқтау міндеті тұр. Бұл мәселе мемлекет басшысы мен үкіметтің ерекше бақылауында. Сондықтан тапсырмаға аса жауапкершілікпен қарау керек", — деді ол мердігер компаниялардың өкілдеріне.
Содан кейін премьер-министр Әулиекөл ауылындағы мектеп базасында құрылған эвакуациялық пунктіге барып, зардап шеккендермен кездесті.
"Тұрғындардың алапат табиғи өрт салдарынан қандай қиын жағдайға тап болғанын білеміз. Осындай қиын сәтте мемлекет барлық қажетті қолдауды жылдам көрсетті. Бұл жұмыс жалғасады", — деді Смайылов.
Қауіпсіз жерлерге көшірілген тұрғындар мемлекеттің назар аударып, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.