Әлия Назарбаеваның Астанадағы қоқыс шығаратын компанияға қатысы бар ма?

0
433

Мемлекеттік сатып алу сайтында Сlean City NC компаниясымен қоқыс шығару туралы ондаған шарт жарияланған.


Әлия Назарбаеваның Астанадағы қоқыс шығаратын компанияға қатысы бар ма?

ERNUR.KZ. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанада қоқыс шығарумен айналыса ма деген сұрақ қойылды, деп жазады tengrinews.kz.

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналистер Нысанбаевтан Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанада қоқыс шығарумен айналыса ма деп сұрады. Министр: "Жоқ, айналыспайды", деп қысқа жауап берді.

"Сіз Әлия Назарбаеваның компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайды дедіңіз. Бірақ мемлекеттік сатып алулар сайтына кірсеңіз, 2023 жылы қол қойылған ондаған келісім-шарттарды көресіз. Яғни, Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанада қоқыс шығаруды жалғастырып жатыр екен. Бұл қалай болғаны?" - деп сұрады журналист үкімет брифингінде.

"Менің қолымдағы ақпаратқа сәйкес, бүгінде Әлия Назарбаеваның компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайды. Егер ақпарат болса, оны сізбен (журналистпен – еск.) бөлек талқылауға дайынмын. Сіз айтқан жаңа жағдайларды ескере отырып, мен не және қалай екенін тағы бір рет қараймын, жарайды ма?", - деп жауап берді Нысанбаев.

Айта кетейік, мемлекеттік сатып алу сайтында Сlean City NC компаниясымен қоқыс шығару туралы ондаған шарт жарияланған.

Kompra.kz сайтында ақылы жазылым арқылы Slean City NC ЖШС құрылтайшысы Green Future Management Ltd жеке компаниясы болып табылатынын көруге болады. Оның құрылтайшысы - Әлия Назарбаева.