Алматы әуежайы түрік компаниясына 415 миллион долларға сатылды.
ERNUR.KZ. TAV Airports компаниясы мен Kazakhstan Infrastructure Fund қоры Алматы әуежайын сатып алу жұмыстарын аяқтады, деп жазады Azattyq Rýhy.
TAV Airports баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуе айлағы TAV портфеліндегі 15-ші және компания концессияның уақытша шарты негізінде емес, меншік құқығымен басқаруға өткен.
Есеп айырысу аяқталғаннан кейін TAV әуежай мен отын жеткізу және тамақтану қызметтерін ұсынатын байланысты кәсіпорындардың 85 пайызының бенефициарлық иесі болады.
Акциялардың қалған 15 пайызы VРЕ Capital басқаратын Kazakhstan Infrastructure Fund қорына тиесілі. Қор инвесторы - «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ.
Еске салайық, 2020 жылдың 8 мамырында Алматы әуежайы түрік компаниясына 415 миллион долларға сатылды. TAV airport Holding түрік компаниясы VPE Capital консорциумындағы серіктесімен бірге Алматы халықаралық әуежайының 100% үлесін сатып алу туралы келісімге қол қойды.