11 баланың жүрегі айнып, басы ауырып, басы айналып, іші түйіліп, ауырған. Ал бір қызда сіңірі тартылу симптомы байқалған.
ERNUR.KZ. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 11 бала химия сабағынан кейін уланды, деп жазады Tengrinews.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық басқарма өкілдерінің айтуынша, оқиға 12 желтоқсанда болған. Қаракемер ауылдық дәрігерлік амбулаториясына Орынбетов атындағы орта мектептің 7 "Б" сынып оқушылары түскен. Олар 27 оқушы отырған сыныптың ішінде жағымсыз иіс шығатынын айтқан. 11 баланың жүрегі айнып, басы ауырып, басы айналып, іші түйіліп, ауырған. Ал бір қызда сіңірі тартылу симптомы байқалған.
"Барлығына дәрігерлік көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен аудандық орталық ауруханаға жеткізген. Қабылдау бөлімінде балаларды қарап шығып, анализдері алынып, симптомдық емдеулер мен ЭКГ, УЗИ жасалды. Мамандардың кеңесі ұйымдастырылды. Барлық бала қаралды, қазіргі уақытта олардың жағдайы жақсарып келеді", - деді басқарма өкілдері.
13 желтоқсанда тексеру кезінде дәрігерлер оқушылардың жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық деген баға берген.