Аталмыш мектептегі жағдай министрліктің тікелей бақылауына алынған.
ERNUR.KZ. Алматы облысында оқушысы дәрі ішіп, суицид жасамақ болған мектепке Оқу-ағарту министрлігінің департамент басшысы барды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Алматы облысындағы жәбірленуші баланың анасы мектеп директоры істі жабу үшін өзіне ақша ұсынғанын айтты. Қабылдап жатқан шаралар осындай келеңсіздіктердің алдын алуға кепіл бола ала ма?» - деп сұрады БАҚ өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Вице-министрдің айтуынша, аталмыш мектептегі жағдай министрліктің тікелей бақылауына алынған.
«Сіз айтқан жағдайға келсек, құқық қорғау органдары тиісті тергеу амалдарын бастап, жұмыс жүргізуде. Біздің министрлік тарапынан оқиға тіркелген күннен бастап арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бүгін өзеріңіз куә болғандай, дәл сол оқиға болған мектепте министрліктің Тәрбие ісі жөніндегі департаментінің басшысы кешенді жұмыстар ұйымдастырып отыр», - деді Еділ Оспан.
Аталмыш басқарма басшысы тікелей эфирге оқиға орнынан қосылып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
«Қазір біз әр ата-анамен оның ішінде жәбірленуші жақпен де, сол екі баланың ата-анасымен де кездесіп, тікелей жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тергеп-тексеру жұмыстарының қорытындысын алдағы уақытта хабарлаймыз», - деді министрлік өкілі.
Еске салсақ, Алматы облысында бастауыш сынып оқушысы бір қорап дәрі ішіп, өмірімен қоштаспақ болған еді.
Жергілікті прокуратура аталған олқылыққа жол берген сала басшыларын жазалау туралы ұсыныс енгізді.