Автобус жүргізушісі ұйықтап кеткен.
ERNUR.KZ. Бүгін таңғы сағат 06:20 кезінде «Алматы-Өскемен» автожолының бойында, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Айғыржал ауылының тұсында жол апаты болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Бүгін таңғы сағат 06:20 кезінде Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы «Алматы-Өскемен» автожолының 812 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды.
«Қазіргі мәлімет бойынша автобус жүргізушісінің ұйықтап кетуі салдарынан автобус аударылған. Көлікте 23 жолаушы (оның ішінде 14 адам Моңғолия азаматы) мен 2 жүргізуші болды. Көлік апатынан 4 адам зардап шекті», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.
Ведомствоның хабарлауынша, автобус техникалық тексеруден биыл 17 маусым күні өткен. Аталған жол учаскесінде «К-Дорстрой» АҚ тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Жол-көлік оқиғасы орын алған бұл учаскеде жол белгілері орналасу тәртібіне сәйкес орнатылған.
«Оқиға орнына «К-Дорстрой» АҚ өкілдері мен Аягөз аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары барды. Қазір көлік апатының мән-жайы анықталуда», - делінген хабарламада.