Күдікті шетелге қашып кеткен.
ERNUR.KZ. Алматыда жиған-тергенін оңай жолмен еселеймін деп, жер сипап қалған тұрғындар полиция департаменті ғимаратының алдында шу шығарды, деп хабарлайды ktk.kz.
Тез байығысы келгендер екі жыл бұрын қыруар қаражатын «Лидер» деп аталатын компанияға құдайдай сеніп тапсырған. Ал ондағылар ақша биткойн мен Абу-Дабидегі жол құрылысына инвестицияланып, сол арқылы жұрттың мол пайдаға кенелетінін айтыпты. Бірақ өткен жылдың басында компанияның кеңсесі жабылып, басшысы із суытқан.
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, аңқау халық тергеудің сағызша созылғанына наразы.
Аз уақытта қаражатымды еселеймін деп сан соғып қалған тұрғындар бүгін Алматы қалалық полиция департаменті ғимаратының маңында жиналды. Бәрі де екі жыл бұрын «Лидер» деп аталатын инвестициялық компания туралы естіп, жиған-тергенін құйған. Сатқан үйінің ақшасына дейін алаяқтардың қолына ұстата салған Лесбек Омашев оларға құдайдай сеніп қалғанын айтады. Өйткені аңқау жұрттың сеніміне кіру үшін компания өкілдері бастапқыда уәде етілген пайыздық үстемені беріп отырыпты.
- 1 жарым мың доллар салып бастадым. Сөйтсем, бәрі дұрыс. Бір-екі ай деген сияқты. Сосын жақсылап тұрып жаңағы қыздар, кассир, менеджерлер бәрі керемет болды, - дейді зардап шегуші Лесбек Омашев.
Олар салымшылардың қаржысы биткойнға, сондай-ақ, (Абу-Дабидегі жол құрылысына инвестицияланады) деп сендіріпті. Әрі құйылған сомма көп болған сайын, табыс та өсетінін айтқан. Біреу мүгедек баласының еміне жинаған ақшасын салса, енді бірі несие алған.
Жиналғандардың айтуынша, сол кезде жарнамасы жер жарған компанияға еліміздің түкпір-түкіпірінен 5 мыңнан аса адам алданған. Олар салған ақшаның жалпы соммасы 37 миллион доллар көрінеді. Осынша қаражатты қалтасына басқан компания директоры өткен жылдың басында ұшты-күйлі жоқ болған. Жұрт оның Рустам Тұрғанов есімді азамат екенін айтады. Болжам бойынша, ол Абу-Дабиге қашып кеткен. Күдікті алғашында жұртқа өзінің де алданғанын айтыпты.
- Мен де бұл жерде жалдамалы адаммын. Бірақ мен ешқандай жауапкерліктен ешқандай ақша төлемеймін деп, қашып отырған жоқпын. Мойныма аламын, көтеремін. Мәселенің бәрі жағдайы – Ахметов Дидар. Ол құрылтайшы әрі өзі трейдерлармен жақын, - дейді Рустам Тұрғанов.
Бірақ бір жыл бұрын жолданған видеодан соң, Рустам Тұрғановтан еш хабар жоқ. Атышулы компанияның кеңсесі де жабылған. Сөйтіп салымшылардың полицияға шағым түсіруден басқа амалы қалмапты. Алайда олар былтырдан бері істің сағызша созылып жатқанын айтады. Компанияның бас есепшісі мен кассирінің күдікті деп танылмағанына наразы. Ал қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары олардан жауап алынғанын мәлімдеді.
«Компанияның қызметкерлері іске куә ретінде қатысады», - дейді ол.
- Тергеу басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сол қылмыстық істің ішінде күдікті адам анықталды. Күдікті адам халықаралық іздеуге жарияланды. Ұстаған уақытта міндетті түрде абақтыға қамалады, - дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Алданған адамдардан арыз әлі де түсіп жатыр. Жұрт енді пайданы қойып, адал еңбектерімен тапқан өз қаржысын қайтарсақ дейді. Ал шетел асқан күдікті ұсталса, кемі 7 жылға сотталуы мүмкін.