Арнайы операция барысында салмағы 110 грамм болатын гашиш тапты
ERNUR.KZ. Алматы полициясы кезекті есірткі ордасын әшкереледі, деп жазады ҚазАқпарат.
Қылмыстық топты құрықтау операциясы «Канал-Красный бархан» профилактикалық апталығы аясында жүргізілді.
«Қаладағы шағынаудандардың бірінен есірткі саудасының көрігін қыздырғандардың орталығына айналған пәтер анықталды. Бұл пәтер 49 жастағы ер адам мен оның жұбайының меншігінде болған. Жедел әрекет ету арнайы жасағының мамандары мен полиция қызметкрелері арнайы операция барысында салмағы 110 грамм болатын гашиш тапты», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Тергеу барысында адамдардың аталған пәтерге есірткі сатып алуға келіп жүргені белгілі болды. Пәтер иелерінің екеуі де бұрын істі болған. Біреуі кісі затын ұрлағаны үшін сотталса, екіншісі есірткі затын сақтағаны үшін жауапқа тартылған.
Алматы ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Нұрлан Мошқаловтың айтуынша, қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК 297-бабымен және 302-бабының 3-бөлімімен қылмыстық іс тіркелген.