​Алматыда мамандандырылған тағы екі ХҚО ашылды

0
1 226

Алматыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қала әкімдігінің қолдауымен тағы екі мамандандырылған ХҚО ашты


​Алматыда мамандандырылған тағы екі ХҚО ашылды

ERNUR.KZ. Алматыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қала әкімдігінің қолдауымен тағы екі мамандандырылған ХҚО ашты, деп жазады Baq.kz.

Олар Наурызбай ауданының Шұғыла шағын ауданы 347/2 және Жетісу ауданының Құлагер шағын ауданы, Серіков к-сі, 6а мекенжайларында орналасқан.

Мамандандырылған жаңа ХҚО-ны ашу – көлік құралдарын тіркеуге, қайта тіркеуге және көлік жүргізушісі куәлігін ауыстыруға ниетті азаматтар санының өсу қажеттілігінен туындап отыр.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ғалым Қарқынбаевтың айтуынша, алғашқы мамандандырылған ХҚО ашылғалы бері 5 жылдың ішінде автокөлік иелеріне көрсетілетін қызмет көлемі бес есе артқан. «Қала шегарасының кеңеюіне байланысты Алматы қаласы халқының саны бір жарым есе өсті. Сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірін беру бойынша экстерриториалды қағидасы енгізілгеннен кейін көлік саны арта түскен. Тіркелетін транспорттың 50% өзге қалалардан келген қызмет алушылар рәсімдейді. Олардың 80% – Алматы, 20% – Түркістан және Жамбыл облыстарының тұрғындары. Бұл Саялы шағын ауданы мен Майлин к-сі, 85 мекенжайында орналасқан мамандандырылған ХҚО-лар жүктемесін көбейтті», - дейді Ғалым Қарқынбаев.

Сондай-ақ Қарқынбаев, көлік жүргізушісі куәлігін алу барысында тапсырылатын емтихан бұрынғыдай Алатау ауданында орналасқан №1мамандандырылған ХҚО-да жүргізілетінін жеткізді.

Жаңадан ашылған мамандандырылған ХҚО-ларда көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын мониторингтен өткізу мақсатында ахуал орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылған.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдісін жетілдіру мақсатында «Электрондық үкімет» порталында көліктерді тіркеу және көлік жүргізушісі куәлігін алмастыру қызметтері бойынша сервистер жұмыс істейді. Тиісті құжаттар бір сағат ішінде рәсімделеді.

Бүгінге дейін электрондық үкімет порталы арқылы үш мыңнан астам көлік тіркеуге қойылды (Алматы қ.– 550), сондай-ақ 13 мыңға жуық азамат (Алматы қ.-1765) көлік жүргізушісі куәлігін жаңасына алмастырды.