Заң бойынша бізде 50-100 АЕК көлемінде, 270-280 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Тек қала тарапынан ғана емес, бизнес өкілдерінен де көмек қарастырылған. Ең алдымен толық жанып кеткен 10 пәтер қайта қалпына келтіріледі.
Алматыда өрт салдарынан пәтерінен айрылған №31 үйдегі 10 отбасыға 280 мың теңге материалдық көмек беріледі. Бұл туралы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көкжиек» шағын ауданындағы өрттен 19 пәтер жарамсыз болып қалды. Оның ішінде 10 пәтер тамтығы қалмай өртеніп кетсе қалғаны жартылай жанған. Өртенген пәтерлер мемлекеттік бюджет есебінен қалпына келтірілетін болады. Жетісу ауданы әкімінің айтуынша, ипотекалық несие төлеп отырған тұрғындарға жөндеу жұмыстары сақтандыру төлемі есебінде қайтарылатын болады. «Қазір осы мақсатта арнайы комиссия құрылды. Өрт-техникалық сараптама жасалып жатыр. Пәтері өртенбеген тұрғындар үйлеріне кірді. Ең алдымен үйдің шатырын жабумен айналысатын боламыз. Себебі, жауын жауса жағдай қиындай түсері сөзсіз. Аталған іс бойынша ақау актісі құрылады. Өрттен жапа шеккен отбасыларға заңнамаға сәйкес анықтама беріп, әлеуметтік қорғау органдарына тіркейтін боламыз. Заң бойынша бізде 50-100 АЕК көлемінде, 270-280 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Тек қала тарапынан ғана емес, бизнес өкілдерінен де көмек қарастырылған. Ең алдымен толық жанып кеткен 10 пәтер қайта қалпына келтіріледі. Бір де бір тұрғын көмексіз қалмайды», - деді аудан әкімінің орынбасары Санжар Тоғаев. Айта кету керек, көптеген тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін аз ғана көмекке наразылық білдіріп отыр. «Барлық мүлік, жиһаз, ойыншық, киім-кешек жанып кетті. 270 мыңға мен не аламын? Тек 1 төсек қана келеді», - деді Әсем Сүйіндікова. Үйді қалпына келтіруге 2 айдай уақыт кетеді. 4 отбасы қонақүйлерге уақытша орналастырылды. Басқалары өз туысқандарының үйлеріне жайғасты. ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, өрттің шығу себептері әлі анықталып жатыр. Айта кету керек, Алматы әкімі Бауыржан Байбек осыған дейін үйі өртенген алматылықтардың пәтерін тез арада қалпына келтіруді тапсырған болатын.