«Алматыға жасырын әкетіп жатыр»: Кеген ауданында мал бордақылайтын қожалықтан ауру шықты

0
3 064

Жасырын жеткізілген малдың еті қай базарда сатылғанын анықтай алмай жатыр.


«Алматыға жасырын әкетіп жатыр»: Кеген ауданында мал бордақылайтын қожалықтан ауру шықты

ERNUR.KZ. Алматы облысында ірі қара мал қырылып жатыр. Тұрғындар жеке шаруашылықтан шыққан ауру тұтас ауылға тарап үлгергенін айтып, дабыл қақты. Қожалық басшылары өлекселерді алысқа апармай, ауылдың іргесіне малдың қиымен жасырып төге берген. Қожалықтағы ірі қара малдың қырылып жатқанына қарамастан, ет сататын кәсіпкер 120 бас ірі қараны Алматыға жасырын алып кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy.

Кеген ауданы Бөлексаз ауылында келеңсіз жағдайды білген халық бүгін бас көтеріп, мал бордақылаумен айналыстаны компанияны көшіруді талап етті.

Бөлексаз ауылы маңында кеңестік кезеңде 7 мың бас ірі қараға арналған баз болған. Кейін бұл аумақ ауылдың көкпар тартып, ат жарыстыратын «ипподромына» айналыпты. Осыдан бес жыл бұрын «Meat Processing and Service» ЖШС бұл жерге мал бордақылайтын кешен салған. Соңғы санақта қожалықта шамамен 1,5 мыңға жуық ірі қара болған. Бұқа, таналарды бордақылап сатумен айналысатын компаниядан соңғы кезде ауру жиі шығатын болған. Шағымданған Бөлексаз ауыл тұрғындарының айтуынша, шаруашылықтан қарасан ауруы былтыр да анықталған.

«Бәйге шауып жүрген жер еді. Бұл жерді ауыл адамдарына «жаңадан жұмыс орны ашылады» деп алдап ашқан. Екі-үш адам ғана жұмысқа тұрды, жұмыссыздық сол қалпы шешілмеді. Қожалықтың бастығы өлекселерге арналған шұңқырды толтырып, соңғы кезде қырылып жатқан малдың өлігін сыртқа шығарған қидың астына жасырып, ауыл маңына төгіп отырған. Өткен жылдары да осы ет бордақылайтын қожалықтан ауру шығып, одан ауыл тұрғындарының да сиыры өлген. Ауылдың маңына өлген 45 бас ірі қара малды көмбей, шығарып тастаған. Иесіне ескертсек, вакцинацияны өкімет бермейтінін, дәрілерді өз қалтасынан төлеп жатқанын айтып, жөнсіз сөйлейді. Өлексені күндіз-түні трактормен төгіп жатыр. Бруцеллез адамға жұқса не болмақ? Ауылдағы бала-шаға, жастың бәрі сиыр сүтін ішіп отыр. Халық қорқады. Елдің талабы - шаруашылықты көшіру. Бұлардың істеп отырғаны - масқара. Мал базасы ауылға өте жақын орналасқан», - деді Бөлексаз ауылының тұрғыны Ғани Қасенов.

Алматы облыстық Ветеринария басқармасының маманы Ж. Мамырқұловтың анықтауынша, шаруашылықтағы ірі қараның қырыла бастауы 2 қаңтарда тіркелген. Бордақылайтын шаруашылықтағы бұқалардың саны ісіп, шықырлап (крепитация – ред.), дірілдегені, танауынан сұйықтық ағып, орынынан тұра алмай жатқаны байқалған. Мал дәрігерлерінің болжауынша, қарасан және пастереллез ауруларының қоздырғышы табылған. Басында өлген малдан алынған потологиялық материалдар зертханаға жіберілсе, кейінгі өлекселер «өртелген».

«Кеңес кезінде жұмыс істеген баздың өлексе тастауға арналған шұңқыры қалған. Ол шұңқырға ауылдастар бірен-саран арам өлген малын тастап жүрді. Жаңа ашылған мал базасында сиыр асырағалы жылына, қыс мезгілінде 150 бас немесе одан да көп ірі қара өлетін болды. Жоғарыда айтылған жемтік тастайтын шұңқырды толтырып, өлекселерді сыртта сиыр тұратын ашық алаңқайға көме берген. Оған сыймағанын далаға ашық-шашық тастап жатыр. Әр көктем сайын қар еріп, жер бусанғанда, әлгі тасталған өлексенің иісі тау бөктеріндегі ауыл жұртының тынысын тарылтады. Кімнің мекемесі екені әлі күнге нақты белгісіз, өздерін жасырын ұстайды. Ескі комплексте 7000 бас ірі қара ұстағанда осынша өлексе шықпайтын. Бұл жолы малдың қырылуы бөтен кеселмен байланысты және ауру ауылдың малына да жұға ма деп уайымдаймыз. Ондай оқиға бұған дейін де болған. Ауыл азаматтарының арыз-шағымын аяқ асты етіп, керісінше «КНБ әкелемін, шеттеріңнен сабап, атамын» деп қожалықтың басшылары қарапайым тұрғындарды қорқытады», - деді Ақжол Таухан атты бөлексаздық тұрғын.

Ашынған жұрт аязға, омбы қарға қарамастан қожалыққа барып, шаруашылықты көшіруді талап етті. Кеген аудандық аумақтық инспекциясының анықтауынша, қарасан мен пастереллез ауруы расталған. Бүгінге дейін қырықтан астам сиыр өлсе, мамандар тағы 214 бас ірі қараның ауырып жатқанын анықтаған.

Ет бордақылаумен айналысатын компания аурудың шыққанына қарамастан мал дәрігерлеріне ескертпей, жергілікті биліктен жасырып 120 ірі қараны Алматыға алып кеткен.

«10 қаңтарда мал бордақылау алаңының меңгерушісі Қ.Салиев, ветеринариялық пункт меңгерушісі Ж.Мұқанов және мен «Meat Processing and Service» ЖШС-нің берген тізімімен мал санағын жүргізіп, 1469 бас ірі қараны анықтадық. Алайда, 19 қаңтарда жануараларға қарасан ауруына қарсы егу жұмыстарының жүргізілуі барысында мал басының жетіспеушілігі туралы аудандық аумақтық инспекциясы хабарлады. Мал бордақылау алаңының меңгерушісі Қ.Салиев 10 қаңтардағы түнде 120 бас ірі қараны ветеринариялық мамандарға хабарламай, Алматы қаласына алып кеткенін айтты. Бүгінге дейін 1249 малдың температурасы өлшеніп, 1035 басқа қарасанға қарсы вакцина егілді. 214 бас ірі қараның температурасы жоғары болғандықтан, вакцинация салынбады. Б.Оразов остелин антибиотигімен емдеу шараларын жүрізіп жатыр. Өлген 19 бас өртелді», - деп хабарлады Алматы облыстық Ветеринария басқармасының бас маманы Ж. Мамырқұлов.

Мал дәрігерлерінің анықтауынша, 22 қаңтарға дейін 32 мал өлген. Қырылған ірі қаралардың 13-інен ғана потологиялық сынама алынса, қалған өлекселерден сынама алу мүмкін болмаған. Кеген ауданының әкімдігі Алматыға жасырын түрде жеткізілген бірнеше бас ірі қараның қай мал немесе ет базарында сатылғанын анықтай алмай жатыр.