Жақында Медеу ауданында алма ағаштарын заңсыз кесу дерегі анықталды.
ERNUR.KZ. Алматы тұрғыны ол жерге жеке тұрғын үй салмақ болған, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жақында тау бөктерінде орналасқан бір учаскеде алма бағын заңсыз кесу фактісі анықталды. Мақсат – орнына жеке тұрғын үй салу болды. Бүгінде Медеу аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 340-бабы «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» бойынша қылмыстық іс қозғады», - деді брифинг барысында қалалық жасыл экономика басқарма басшысының орынбасары Ұлан Абдулдаев.
Спикердің сөзінше, бұл жер учаскесі бұрын Алматы облысына тиесілі болған. 2014 жылдан бастап Алматы қаласының меншігінде. Бұған дейін Алматыдағы «Каменское плато» обсерваториясының жанында алма ағаштары заңсыз оталып, құрылыс басталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Кейін Алматы қаласы жасыл экономика басқармасының қызметкерлері Медеу аудандық полиция басқармасымен, сондай-ақ мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, жедел түрде оқиға орнына барды. Тексеруге барған кезде 21 алма ағашының кесілгені расталды. Тексеру актісі жасалып, 500 АЕК шығын есептеліп, тиісті шаралар қабылдау үшін полиция департаментіне хат жолданды.