А.Мамин коронавирустың таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды

0
740

Вирус 50-ден астам елге таралып үлгерді.


А.Мамин коронавирустың таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов пен ҚР сыртқы істер министрі М. Тілеуберді, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Б. Қамалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжанов қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың 6 қаңтарынан бастап коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейтудің 3 кезеңін іске асырды. Биылғы 1 наурыздан бастап сол елдерден келген тұлғаларға карантиндік іс-шаралар қолданылатын елдердің тізбесін кеңейтетін күшейтудің 4-кезеңі енгізілді.
Азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында Үкімет ҚР-да коронавирустық инфекцияны анықтау және тарату кезіндегі Іс-қимыл алгоритмін әзірледі («Б Жоспары»).
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемде жағдай ушығып кетті. Вирус 50-ден астам елге таралып үлгерді және өте белсенді түрде таралуда. Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет. Вирус сондай-ақ әлемдік экономикаға, атап айтқанда, өнеркәсіпке, транзитке, сауда мен экспортқа кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдау қажет», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік шекараның барлық өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді және Іс-қимыл алгоритмінде жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.
Сыртқы істер министрлігіне елімізде бұған дейін жоспарланған ірі халықаралық іс-шараларды өткізу уақытын ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізу, короновирустық инфекцияның таралуы бойынша қолайсыз жағдай орын алған елдер үшін транзиттік, электрондық, туристік визаларды беруді уақытша тоқтату тапсырылды.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронаровирус белсенді түрде таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сондай-ақ, біздің фармацевтикалық кәсіпорындарда медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары өндірісін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр өңірлер әкімдіктеріне мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда, әсіресе, мектептерде, оқу орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтарында, базарларда және т. б. жерлерде эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейтуді тапсырды.
«Әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтары үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруді тоқтатсын», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын түсіндіру бойынша халықпен сапалы ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды.