Көпбалалы отбасыларға құжат жинап, ары-бері шапқылаудың қажеті жоқ.
ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрін төлеуге дайындық шаралары туралы айтып берді. Президенттің тапсырмасы бойынша әрбір балаға 21 мың теңгелік жәрдемақы келесі айдан бастап төленуі керек, деп жазады ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек электронды құжаттардың негізінде тағайындалады. Сол себепті көпбалалы отбасыларға құжат жинап, ары-бері шапқылаудың қажеті жоқ.
«Ал белгілі бір отбасының құжаттары ақпараттық базада болмаса, құжат жинауға ауыл әкімі мен жұмыспен қамту орталығының мамандары жауапты болады. Бүгінде министрлік әкімдерге ақпараттық жүйелерге кіруге мүмкіндік жасап жатыр. Олар сұрауды электронды түрде жолдап, тиісті құжаттарды жинай алады. Бүгінде 1 405 ауылдық округ ақпараттық жүйелерге қосылды. Жақын арада тағы 1 000-ға жуық ауылға осындай мүмкіндік беріледі», - деді С.Жақыпова журналистерге берген сұxбатында.
Оның сөзіне қарағанда, көпбалалы отбасы тек әкімдікке барып, өтініш тапсырып кетуі керек.
«Мәселен, отағасы әкімге барып, өтініш жазады. Сонда отбасы мүшелерінің ЖСН-дары (жеке сәйкестендіру нөмірлері - авт.) мен аты-жөндерін көрсету керек. Тек сол өтініш қана. Қалған құжаттарды жергілікті атқарушы органдар мен жұмыспен қамту орталықтары электронды түрде ақпараттық жүйелерден, басқа мемлекеттік органдардың ресурстарынан өздері жинайды. Негізі, 1-інен бастап тек құжаттарды ғана қабылдайды. Сәуір бойы тағайындау жүреді. Атаулы әлеуметтік көмек құжат қабылданған күннен бастап төленетін болады. Сосын бұрын көпбалалы отбасылар тоқсан сайын өз табыстарын растап отыратын. Енді, аталған кезең жартыжылға дейін ұзартылады. Оның өзі ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі», - деп атап көрсетті С.Жақыпова.
Вице-министрі 21 мың теңгелік жәрдемақыны тағайындау кезінде жеке шаруашылықты есепке алуға қатысты пікір білдірді.