ҚМ мәліметінше, 6 мамырда Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген.
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі бұрынғы әскери қызметші Айғаным Елшібаеваның шағымына қатысты мәлімдеме жасады, деп жазады Tengrinews.kz.
"Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметші Айғаным Елшібаеваның Қарулы күштер қатарынан заңсыз шығарылуы және батальон командирі тарапынан оған оғаш қылық көрсетуі туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға қатысты қосымша тексеруді аяқтады.
Қорғаныс министрлігінің комиссиясы азаматша Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеді. Комиссияның жан-жақты тексерісі нәтижесінде Елшібаеваның арызында көрсетілген деректер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады", - делінген хабарламада.
ҚМ мәліметінше, 6 мамырда Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Батальонның барлық жеке құрамы Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет деректері болғанын растамаған.
"Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша азаматша Елшібаева ұсынған айыптаулар расталмады", - делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ, бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алғаны және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны айтылды.
"Биыл 3 мамырда аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Қарулы күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес Елшібаева аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екенін хабарлаймыз", - делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Айғаным Елшібаева "НеМолчиKz" қоғамдық қорына жүгініп, Қарулы Күштер қатарынан мәжбүрлі түрде босатылғанын айтқан болатын.