Рейдтер әскерге шақырылған адам уақытында келіп, тіркеуге тұрмаған кезде өткізіледі, деді вице-министр.
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді, деп жазады sputnik.kz.
Бейнероликте әскерилер мен құқық қорғаушылар ойын-сауық орындарын аралап, әскерге шақырылған азаматтарды анықтап жүр. Рейд кезінде жастардың жеке құжаттары тексеріледі.
"Ондай рейдтер көп жағдайда әскерге шақырылған адам уақытында келіп, тіркеуге тұрмаған кезде болып жатады. Заң бойынша тиісті рәсімдер бар. Содан өту керек. Әрине, жергілікті әскери органдарға нақты міндет жүктелген. Олар сол қызметтік міндетін орындайды", - деді Тұяқов журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің орынбасары цифрландыру аясында ақпараттық базаларды интеграциялау жұмыстары атқарылып жатқанын да еске салды. Соның арқасында шұғыл шешімдер қабылданып, қысқа уақыттың ішінде тексерістер басталады.
"Цифрландырудың арқасында әскери басқармамыз жақсы жұмыс істей бастады", - деп атап өтті Тұяқов.
Айта кетері, бұған дейін әлеуметтік желіде әскерге шақырылғандарды анықтауға арналған рейдтің видеосы тараған болатын.