​Астана күні: сотталғандар, қаңғыбастар мен мастардың тағдыры не болады?

0
1 837

Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция көмитетінің төрағасы Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


​Астана күні: сотталғандар, қаңғыбастар мен мастардың тағдыры не болады?

фото cryptofans.ru

Астананың 20 жылдық мерейтойы кезінде қалаға жазасын өтеп шыққандарды кіргізбеу туралы мәселе қаралып жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция көмитетінің төрағасы Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Бұрынғы сотталғандарды қалаға кіргізуді шектеу немесе тыйым салу туралы мәселе талқыланып жатқан жоқ. Сіздер білесіздер, біз "ЭКСПО-2017" көрмесі кезінде де ондай шара қолданған жоқпыз. Бұған дейін сотты болғандардың әртүрлі категориясы бар. Егер ол шартты түрде мерзімінен бұрын босаса немесе әкімшілік қадағалауда болса, онда бас бостандығынан айыру орындары өңірлік органдарға хабар береді. Біз кейін оны бақылауға аламыз. Бұл тек бұқаралық шаралар кезінде емес, жалпы жүзеге асатын қалыпты процедура. Яғни, егер Астанада тұратын бұрынғы сотталушы түрмеден шықса, бізге ол жайында ақпарат келеді. Кейін біз оның қалаға көрсетілген мерзімде келген-келмегенін тексереміз. Оны есепке қойып, әрі қарай онымен жұмыс істейміз. Егер оны есепке алудың қажеті болмаса, ешқандай шара қолданбаймыз", - деді Лепеха ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ІІМ өкілі мереке күндері тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға қандай шара қолданылатынын айтты.

"Бізде қабылдаушы-бөлуші бөлімдер бар. Егер тұрғылықты мекенжайы жоқ адамның құжаты болмаса, оның кім екенін анықтау мақсатында ол, әрине, сол бөлімге орналастырылады. Бірақ ЭКСПО кезінде бәрі шулағандай ұшақпен, пойызбен қаладан шығару секілді ештеңе болмайды", - деді ол.

Бұған қоса, комитет төрағасы мереке күндері полицейлер жеңіл дәрежеде мас тұрғындарды, егер олар қоғамдық тәртіпті бұзбаса, ұстамайтынын атап өтті.

"Егер адам қатты мас болмаса, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, біздің оны ұстауға құқығымыз жоқ. Жалпы біз мереке күндері қызметкерлерге былай айтамыз: егер адамды бөлімшеге жеткізудің қажеті болмаса, онда әкелмей-ақ қойыңдар. Бірақ әртүрлі жағдай болады. Егер ол мас күйінде айналасындағыларға қауіп төндірмесе және қылмстың құрбанына айналмаса, онда оларды ұстамауға тырысамыз", - деп түйіндеді Лепеха.

Айта кетсек, 27 маусым мен 8 шілде аралығында астаналық гарнизон және іргелес аймақтар – Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының жеке құрамы күшейтілген режимге көшіріледі. Жалпы мереке күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге барлығы 3,5 мың полицей, оның ішінде Ұлттық ұланның 1,2 мың әскери қызметшісі жұмылдырылады.