Астана LRT ісі: айыпталушыларға үкім шықты

0
368


Астана LRT ісі: айыпталушыларға үкім шықты

Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен LRT ЖШС басшысы Талғат Ардан Астана LRT ісі бойынша жеті жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

3 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Астана LRT ісі бойынша айыпталушыларға үкім оқылды.
Сот шешімі бойынша LRT ЖШС басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов та жеті жылға сотталды, бұрынғы депутат және Астана экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нұрпейісов бес жылға бас бостандығынан айырылды.
"Astana Innovations" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім шартты түрде жеті жылға сотталды.
"Геобур" ЖЗҚ ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымының директоры Тимур Қасабаев та жеті жылға шартты түрде сотталды.
Естеріңізге сала кетейік, іс бойынша айыпталушыларға 5,8 млрд теңге жымқырды деген айып тағылған. Негізгі айыпталушылар – "Қазақстан инжиниринг" Ұлттық Компаниясы" АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары (Kazakhstan Engineering) және Нұр-сұлтан әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, сондай-ақ "Астана LRT" бұрынғы басшысы Талғат Ардан. Екеуіне де іздеу жарияланған.
Айта кетейік, LRT жобасын жүзеге асыру 2011 жылы басталғанымен, жаңа тас жол ешқашан салынбаған. Тек баған-мұнаралар бой көтерді. Елордада әкімдер ауысқанымен, жоба үшін ешкім жауапкершілік алғысы келмеді.. Соған қарамастан, LRT үшін ақша бөліне берді, ол қазақстандық жемқорлықтың ескерткішіне айналды.
Жыл басында мемлекет басшысы елорданы дамыту жөніндегі жиында LRT жобасына жеке тоқталған.
«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», – деді Тоқаев.
Ақпанда Астана әкімі LRT-ны келесі жылдың соңына дейін іске қосуға уәде берді.
Ал жуырда Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Astana LRT құрылысына қаржы қашан бөлінетінін айтты.