Астаналық жас футболшылар Түркияда өткен халықаралық турнирдің чемпионы атанды

0
441

Жаттықтырушының айтуынша, аталған сында 10 футбол командасы өзара бақ сынасқан.


Астаналық жас футболшылар Түркияда өткен халықаралық турнирдің чемпионы атанды

ERNUR.KZ. Елордалық жасөспірімдер Түркияда футболдан өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды, деп жазады ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің (СДЮСШОР №8) түлектері Түркияның Анталья қаласында жасөспірімдер арасында футболдан өткен халықаралық турнирдің чемпионы атанып келді.

«Бұл мен жаттықтырып жүрген балалардың алғашқы халықаралық жарысы. Және олар бірден чемпион атанды. Футболдан турнир 2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өтті. Балалармен бірге Түркияда 10 күндей болып, жаттығу өткізіп, бақ сынадық. Ойындағы біздің басты қарсылаысыз түрік футбол командалары болды. Негізі қатысушылардың саны көбірек болған. Соңғы жағдайларға байланысты Ресей, Украина және басқа да елдердің командалары жарыстан бас тартты», - деді Ербол Жайлаубеков.

Жаттықтырушының айтуынша, аталған сында 10 футбол командасы өзара бақ сынасқан.

«Турнир барысында барлығы біздің команда 5 ойын өткіздік. Және бәрінде сәтті ойнап, жеңіске жеттік. Ақтық сында Антальяның мықты деген командасы қарсылас болды, дегенмен біздің ойыншылар есені жібермеді. Мен тәрбиелеп жатқан балалар футболмен 2 жыл бойы тұрақты айналысып келеді. Біз бұған дейін ел ішінде қалаларда өткен футбол жарысына қатысып жүрді. Менің жаттықтырушы ретіндегі мақсатым – Еуропада футболдан турнир қалай өтетіндігін балаларға көрсеткім келді», - дейді ол.

Түркиядан оралған жас чемпиондарды елорда әуежайынан ата-аналары мен жақындары қуанышпен қарсы алды.