Ерлі-зайыпты 2021 жылдың сәуірінде ажырасқан.
ERNUR.KZ. Елордалық сот ерекше арызды қарады. Жігіттің ата-анасы бұрынғы құдаларынан қалың мал және сыйлықтарды қайтаруды талап етті, деп жазады Sputnik.kz.
Ерлі-зайыпты 2021 жылдың сәуірінде ажырасқан. Содан кейін күйеу жігіттің ата-анасы қызға "Сырға салу" дәстүрі кезінде берілген қалың малды, дәлірек айтқанда тон, әшекей бұйымдар, костюмді қайтаруын талап етіп бұрынғы құдаларын сотқа берді.
"Талапты қанағаттандырудан бас тартылды. Сот қалың малға ақша және заттар сыйлық ретінде берілді деген қорытындыға келді. Оларды талап етуге негіз жоқ. Сонымен қатар, бұл заттарды тек жауап беруші ғана емес, сонымен қатар қалыңдық тарапынан басқа адамдар да сыйға алды", – деді соттың баспасөз қызметі.
Ер адамның ата-анасы шешіммен келіспейтінін айтып апелляцияға берді. Алайда апелляция да олардың талабын қанағаттандырмады. Заңда сыйлықтарды қайтару рәсімі қарастырылмаған.
Еске салсақ, былтыр Маңғыстау тұрғыны жұбайынан ажырасқаннан кейін 800 мың теңге көлемінде қалың малды, гауһар тастары бар алтын әшекейлер мен кілемдерді қайтаруға тырысқан болатын. Ер адам сотқа жүгінді. Бірақ берілген заттарды қайтару талабы қолданыстағы заңнамамен реттелмегенін атап өтіп, талап қанағаттандырылмады.