Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұмыстан шығуды көздеп отырғандар бар - маман

0
1 236

Мамандар күн сайын 100-ден астам адамға атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңес береді.


Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұмыстан шығуды көздеп отырғандар бар - маман

ERNUR.KZ. Ақтөбеде мемлекеттік қызметкерлердің жәрмеңкесі өтті. Онда атаулы әлеуметтік көмек, «Бақытты отбасы» бағдарламасы мен мектептерге электронды түрде қабылдау түсіндірілді, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттінің облыстық департаменті бүгін мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін өткізді. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту, білім, жер қатынастары мен құрылыс бөлімінің мамандары тұрғындардың сұрағына жауап берді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мамандары «Бақытты отбасы» бағдарламасын түсіндірді. Көбі атаулы көмек алудың жолдарын сұрады. Мамандар көмек алу үшін жұмыстан бас тартатындар мен жұмыстан шығуды жоспарлағандар болған.

«Атаулы әлеуметтік көмек алуда екі проблема жиі кездеседі. Біріншіден, ата-ана ажырасқан соң алимент өндірмейді. Ал табыс есептеу кезінде алимент кіріске жатады. Аналарымыз алдымен алимент алуы керек, болмаса сот шешімімен келеді. Екіншіден, тексеру кезінде комиссия өтініш берген отбасының зейнеткерлермен бірге тұратынын анықтайды. Ал ортақ табыста көрсетілмеген. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде «жұмыстан шығып кетсек, жалақымыз азайса келесі айда аламыз ба» деп сұрайтындар бар. Жоқ, біз оларды жұмысқа орналастыруымыз керек. Қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар мен жастар тәжірибесі, құрылыста, жол салу кезінде 100-120 мың теңге жалақымен еңбекке араласу ұсынылды. Бірақ «бізге жұмыс емес, АӘК керек» деп отырғандар бар», - деді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Маханова.

Мамандар күн сайын 100-ден астам адамға атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңес береді.

Қабылдауға келген Айгүл Тілеужанова 4 баланың анасы. Ол күйеуі жұмыс істемейтінін, сол үшін ажырасатынын, сот 6 айға созылатынын айтып, көмек сұрады.

«Менің 4 баламды 6 ай бойы қалай асыраймын? Сондықтан көмек сұрап келіп отырмын. Күйеуім жұмыс істеген емес, өмір бойы өзім еңбек етіп келемін. Бұл жолы ажырасуды қаладым. Қазір өзім бала күтімімен отырмын», - деді қала тұрғыны Айгүл Тілеужанова.

Атаулы әлеуметтік көмек беру комиссиясы бұл өтінішті жеке қарап, шешім шығаратын болды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесінде балаларды 1 сыныпқа қабылдау жайы айтылды. Электронды өтініштер mektep.akt.kz порталында қабылданып жатыр. Ол үшін 063, 026 медициналық анықтамасы мен 3х4 суреттің электронды нұсқасы қажет.

«Ақтөбе қаласы бойынша кейбір мектептер толып қалды. Сондықтан алдымен 20 маусымға дейін территория бойынша, кейін ата-ананың өтінішімен кез келген мектепке қабылдау жүреді. Қазір №64 және 17 мектептер толып қалды», - деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Венера Өмірбаева.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агентті облыстық департаментінің бас маманы Марал Гилмановтың айтуынша, мұндай жәрмеңке тоқсанына екі рет өткізіліп тұрады.