Оларға әкімшілік іс қозғалған.
ERNUR.KZ. Атырау облысының Қызылқоға аудандық соты ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қытайдың 14 азаматын елден шығару туралы шешім шығарды, деп жазады tengrinews.kz.
Шығарылған шетелдіктердің барлығы - салынып жатқан Ақтөбе-Атырау-Астрахан тас жолының Сағыз-Мұқыр учаскесінде жұмыс істеп жатқан қытайлық "Shanghai Construction" құрылыс компаниясының жұмысшылары.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚХР азаматтарына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 2-тармағына (елде болуға ниет еткен шетелдiктiң мерзімнен астам уақыт ішкі істер органдарында тіркеуден өтпей ҚР заңнамасын бұзуы) сәйкес, әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады.
Еске сала кетейік, бұған дейін "Shanghai Construction" компаниясының қытайлық қызметкері әлеуметтік желілерде кеңінен таралған бейнежазбаға түсіп қалып, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.