Атырауда 14 жастағы қыз көпірден секіріп кетті (видео)

0
844

Өз-өзіне қол салмақшы болған қыз облыстық ауруханаға жеткізілді.


Атырауда 14 жастағы қыз көпірден секіріп кетті (видео)

ERNUR.KZ. Көпірден секіріп кеткен 14 жастағы атыраулық қызды полиция қызметкерлері құтқарып қалды. Өзіне қол салмақ болған жасөспірім облыстық ауруханаға жеткізілді, деп жазады exk.kz.

12 желтоқсан күні 22:20 шамасында 102 операторына көпірден белгісіз адамның секіріп кеткені жөнінде хабарлама түскен. Хабарлама бойынша оқиға орнына барған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Исатай Тұрсынғалиев пен Ғалым Қалбаев су үстіне жарық жағу арқылы шолу жасап, батып жатқан қызды байқаған. Уақыттың тығыздығын сезген тәртіп сақшылары құтқаруға кіріскен. Көліктен арқан жіпті алып, беліне байлап, Ғалым Қалбаев қызға қарай жүзген.

Арқанның екінші шетін ұстаған Исатай Тұрсынғалиев көмекке келген әріптестерімен арқанды ұстап, Ғалым Қалбаевтың артынан сақтандыру мақсатында жүзе бастаған. Себебі аязды күні суық суда жүзу, өзен ағымымен алға сүйреген ағыстың ығына берілмей жағаға жету күш-жігерді талап етеді. Тәртіп сақшылары қыз баланы 20 минут ішінде жағаға алып шықты.



Ес-түссіз жатқан қызды жағаға шығарып бірден жасанды тыныстандыру жаттығуларын жасаған. Тіршілік белгілері болғанымен жасөспірім денесі қатты салқыннан әлсіреп қалғанын сезген олар, жедел-жәрдемді бірден жақын маңдағы №5 емханаға шақыруға шешім қабылдап, қызметтік көлікпен өздері де емханаға жол тартқан.

"Ойланатын уақыт болмады. Құтқарамыз деп бірден суға түсуге кірістік. Су мен ойлағаннан да салқын болып шықты. Бірақ, бар ойым батып бара жатқан қызды құтқару болды. Әріптесім арқанның екінші ұшын ұстап тұрды, кейін артымнан жүзіп келе жатқанын сезіп тез қимылдап жағаға үшеуміздің де аман-есен шығуымыз үшін барлығын жасадым. Уақыт санаулы болды", — деді Ғалым Қалбаев.

Өз-өзіне қол салмақшы болған қыз облыстық ауруханаға жеткізілді.