Жасөспірімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
ERNUR.KZ. Атырау қаласында мемлекеттік нөмірі медициналық маскамен жасырылған көлікті жүргізген 16 жастағы жасөспірім ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, патрульдік полиция қызметкерлері 4 қаңтарда Владимирский-Луговой көшелерінің қиылысында мемлекеттік нөмірі медициналық маскамен жасырылған «Тойота Камри» автокөлігін тоқтатқан.
«Тексеру кезінде бұл көлікті 16 жасар жасөспірім жүргізгені анықталды. Жасөспірімге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 590-бабының 4-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды. Іс құжаттары сотқа жолданып, автокөлік айып тұрағына қойылды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, жасөспірімге аталған кодекстің 612-бабының 4-бөлімімен 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал, оның ата-анасына осы құжаттың 442-бабының 2-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілген.