Оқушының сабақтан қалуына анасы кінәлі деп танылған.
ERNUR.KZ. Атырауда 3-сынып оқушысы 20 күн бойы сабаққа бармаған. Ұлының дәлелсіз сабақтан қалғаны үшін анасына айыппұл салынды, деп жазады inform.kz.
Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, оқушының сабақтан қалуына анасы кінәлі деп танылған.
«Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Сотта анықталғандай, құқық бұзушы Ж.-ның ұлы, 3-сынып оқушысы дәлелсіз себептермен 20 күн бойы сабаққа қатыспаған. Оқушының анасы Ж. кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оған білім беру, сондай-ақ күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Құқық бұзушы Ж. өзінің кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін білдірген. Сот қаулысымен кәмелетке толмаған баланың анасы кінәлі деп танылды.
«Сот шешім қабылдар кезде құқық бұзушының жеке басы, отбасылық және материалдық жағдайы, құқық бұзушылықтың сипаты ескерді. Сот қаулысымен кәмелетке толмаған ұлдың анасына 24 мың 150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу жазасы тағайындады», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.