Әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет орталық алаңына орнатылған шахмат фигураларының құлап жатқаны туралы видео тарады.
ERNUR.KZ. Атыраулық екі оқушы Исатай-Махамбет орталық алаңындағы шахмат фигураларын қиратқан. Балаларының теріс әрекеті үшін ата-аналары айыппұл төледі, деп жазады inform.kz.
Әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет орталық алаңына орнатылған шахмат фигураларының құлап жатқаны туралы видео тарады. Бұл тұрғындардың ренішін тудырып, түрлі пікірге тамызық болды.
Осыған байланысты учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушыларды іздеуге кірісті. Учаскелік полиция инспекторы Рәшид Сейтековтің айтуынша, шахмат фигураларын қиратқан екі жасөспірім ұсталған.
«Атырау қалалық полиция басқармасы №12 учаскелік полиция бекетінің инспекторлары шахмат фигураларын қиратқан екі жасөспірімді анықтады. Олардың ата-аналарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлімімен (Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы) әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Жасөспірімдер мен ата-аналарына түсіндіру жұмысы жүргізілді», - дейді Рәшид Сейтеков.