"Атырауда коронавирус өршіп тұр": Министрлік желіде тараған хабарламаға пікір білдірді

0
1 909

Теңізде коронавирусты таратпау мақсатында жедел штаб құрылып, карантин шектеулері күшейтілген.


ERNUR.KZ. Желіде Теңіз кен орнындағы коронавирус Атырауға тарап, ауру өршіп тұр деген хабар тараған. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл мәліметке қатысты түсінік берді, деп жазады Tengrinews.kz.

"Теңіз кен орнындағы коронавирус қалаға тарап жатыр. (...) Басшылықтың басым бөлігі және оннан аса қызметкер коронавирустың бар-жоғына ПТР-тест тапсырған. Ол оң нәтиже көрсеткен. Ал орталық кеңседе олармен байланыста болған қызметкерлер санын есептеу мүмкін емес. Адамдардың вирусты қайдан және кімнен жұқтырғанын ешкім білмейді. Екінші толқын басталды. Бұл Жаңа жылға арналған "тосынсый". Өзіңізді, достарыңызды, жақындарыңыз бен туыстарыңызды қорғап жүріңіздер", - делінген WhatsApp-та тараған хабарламада.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

"Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Атырау облысындағы Теңіз кен орнында коронавирус инфекциясының өршіп кеткені туралы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа қатысты түсінік береді. Желідегі ақпаратқа сәйкес ауруды Қытай Халық Республикасының азаматтары таратып жатыр екен.
Қазіргі таңда Теңіз кен орнында ҚХР азаматтары мен Қытай компаниялары тіркелмеген.
Пандемия басталғалы бері Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 11 633 дерегі тіркелді. Оның ішінде Теңіз кен орнында 4 042 жағдай тіркелді. Аурудың 60 пайызы профилактикалық тексеру барысында анықталды", - деп жазды Байтанаев.

Оның айтуынша, Теңізде коронавирусты таратпау мақсатында жедел штаб құрылып, карантин шектеулері күшейтілген.

Байтанаев Теңіз кен орнының кіреберісінде және жұмысшылар шығатын жерде блокбекеттер қойылғанын атап өтті. Ол жұмысшылар вахтаға келгеннен кейін 7 күнге стационарларға жатқызылатынын, кейін COVID-19 вирусының бар-жоғына ПТР-тест тапсыратынын айтты. Олар ПТР-тесті вахтадан шығуға 5 күн қалғанда тапсырады екен.

Ресми өкіл қазақстандықтарды әлеуметтік желіде тараған жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Сондай-ақ, ол жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.