Әйел сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін бір аптадан соң қайтыс болды. Нәрестенің жағдайы тұрақты ауыр.
ERNUR.KZ. №2 Атырау облыстық аурухананың инфекциялық стационарында босанған әйел коронавирус инфекциясынан көз жұмды, деп деп жазады sputnik.kz.
"Жетінші сәуірде тыныс алудың қиындауын ескеріп, өңірлік сарапшылар тобы мен республикалық мамандардың ұсынымдарына сәйкес, шұғыл түрде кесар тілігін жасау туралы шешім қабылданды. Салмағы 1 490 грамм және бойы 41 сантиметр шала туған қыз дүниеге келді", - деп нақтылады Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Пациент босану кезінде және босанғаннан кейін инфекциялық стационарда жатқан. Сәби өмірге келгеннен кейін бір апта өткен соң әйелдің жүрегі тоқтап қалды.
Босанған әйелге қойылған негізгі диагноз – "өте ауыр дәрежедегі коронавирус инфекциясы, екіжақты полисегментарлы пневмония.
Жаңа туған нәрестені неонатолог қарап шықты, алғашқы реанимация шаралары қабылданды. Осыдан кейін сәби облыстық перинаталды орталыққа жеткізілді. Қазір бала интенсивті терапия палатасында жатыр, жағдайы тұрақты ауыр.