Атырауда жас жұбайлар үйленген соң төрт күннен кейін ажырасуға келген

0
2 714

Көп жағдайда жұбайлар "мінезіміз сәйкес келмеді" деген себепті айтады екен.


Атырауда жас жұбайлар үйленген соң төрт күннен кейін ажырасуға келген

ERNUR.KZ. Атырауда жастар отбасын құрғаннан кейін төрт күннен соң АХАЖ орталығына ажырасуға келген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бірер күнде шаңырағы шайқалған жанұя жайлы өңірлік коммуникация қызметінің брифингінде қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін жазу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева айтып берді.
Оның сөзінше, өткен жылы Атырауда 3 мыңға жуық неке тіркелген, ал ресми түрде ажырасқандар саны 1,5 мыңды құрап отыр. Айырылысқандардың басым бөлігі 25-30 жаста, әр жанұяда бір баладан бар.
АХАЖ ерлі-зайыптылар ажырасу себебін көрсеткеннен кейін сот шешімі арқылы некені бұзу туралы құжат береді. Көп жағдайда жұбайлар "мінезіміз сәйкес келмеді" деген себепті айтады екен.
Негізінен, АХАЖ некені бұзу туралы құжатты сот шешімінсіз де бере алады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың барлық баласының жасы 18-ден асуы шарт. Сондай-ақ, жұбайлар арасында мүліктік наразылық болмауы тиіс.
"Өткен жылы ерлі-зайыптылар 60 жасында ажырасты. Ал тағы бір жанұя тойдан кейін төрт күннен соң ажырасуға келді. Жас жұбайларды қыздың анасы ілестіріп әкеліп, айырылыстыруды сұрады", - дейді Хабиева.
Оның сөзінше, азаматтық хал актілерін жазу бөлімі жастарға неке бұзу туралы құжат беруден бас тартқан.
Себебі, олар анасының талабын орындаудың орнына сотқа өздері жүгінуі тиіс. Ал ары қарай не болғаны АХАЖ қызметкерлеріне белгісіз.