Бұны қадағалау ісі ІІД мен жергілікті полиция қызметіне тапсырылды.
сурет:tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Балықтардың жаппай қырылуы орын алған Атыраудан балық және балық өнімдерін шығаруға шектеу қойылды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Балықты күзде аулап, қатырып қойған кооперативтерге өз өнімін сатуға тыйым салынбайды. Бірақ Жайық пен Перетаскада балықтың қырылуының барлық себептері анықталғанша, уланған балық пен балық өнімдерінің жергілікті базарлар мен басқа облыстарға жіберілмеуіне ерекше назар аударылып отыр. Бұны қадағалау ісін ІІД мен жергілікті полиция қызметіне тапсырдық. Олар рейдтер өткізіп, көліктерді тек «Шеп» бекеттерінде ғана емес, жолдарда да тексеріп жүр. Әрине, жүз пайыз кепілдік бере алмаймыз. Бірақ бұл бағытта жұмыс жасап отырмыз», - деп мәлімдеді балықтың жаппай қырылу себептерін тергеу бойынша ведомствоаралық комиссияның төрағасы Әлібек Наутиев.
Еске сала кетейік, желтоқсан айының бірінші күндері Атырауда балықтар қырыла бастады. Өзенге қандай да бір уландырғыш заттардың тасталуына қатысы бар болуы мүмкін кәсіпорындарды тексеріп жүрген балықтың жаппай қырылу себептерін тергеу бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды. Екі қылмыстық іс қозғалды.