Атышулы пластикалық хирург Роман Алферов сотталды

0
551

Созбалаңға салынған соттың соңғы нүктесі қойылды.


Атышулы пластикалық хирург Роман Алферов сотталды
ERNUR.KZ. Алматыда атышулы пластикалық хирург Роман Алферовқа ақыры сот үкімі шықты. Пациентінің жантүршігерлік өліміне себепкер болған дәрігерді судья 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды КТК аранасы.Алферовпен бірге әйелдің өлімі үшін реаниматолог пен кезекші дәрігер де сотқа тартылған болатын. Алайда қылмыстың уақыты өтіп кеткеніне байланысты ол екеуі жазадан сытылып кетті. Алферовтан да осы себептен негізгі айыптау бабы алынып, хирург тек «кәсіби міндетін өз деңгейінде орындамағаны үшін» деген баппен жаза арқалады. Онлайн өткен сот отырысында марқұмның туыстары бұған да ризашылық білдірді. Өйткені атышулы хирург мүлде жазадан құтылып кете ме деп ойлаған. Оның себебі де бар. Қайғылы оқиға 2017-жылдың желтоқсанында болса, Алферов арада екі жыл өткенде барып, яғни 2019 жылдың қарашасында ғана сотқа тартылды. Содан үкімі 10 ай дегенде шығып отыр. Ал атышулы сот ісіне Алматы қаласының 44 жастағы тұрғыны Жанна Рахманованың өлімі негіз болды. Келіншек ішіндегі және жамбасының майын алғызу үшін Роман Алферовтің клиникасына барған. Содан тірі шықпады. Сот материалдарына сәйкес, әйел отадан 19 сағат өткен соң қайтыс болған.


- Осыған орай, сот тергеу органдарына қатысты бұл істі созбалаңға салғаны үшін созбалаңға салу фактісі бойынша жеке ұйғарым шығарды. Қазіргі таңда аталмыш үкім заңды күшіне енбеді, - дейді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.