Бас есепші 1,3 млрд теңгеден астам сомадағы ақша қаражатын жымқырды деген айыппен күдікке ілініп отыр.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин айтты, деп жазады baq.kz.
"Елорда әуежайының бас есепшісі Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің лауазымды тұлғаларына 16 млн теңге сомасында пара бермек болған. Сондай-ақ ол іс жүзінде жоқ шарттар мен жұмыстар бойынша жалған шот-фактураларды шығарумен айналысатын 23 фирманың есеп айырысу шоттарына аудару арқылы акционерлік қоғамның 1,3 млрд теңгеден астам сомадағы ақша қаражатын жымқырды деген айыппен күдікке ілініп отыр. Бұл аудиторлық тексеру тұжырымымен расталды", - деді Арман Бердалин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының елордалық департаментімен аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
"Сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасуда", - деді Ұлттық бюро өкілі.