Құрылысқа қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
ERNUR.KZ. Қостанай облысы Әулиекөл ауданында орман өртінен зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы басталды. Ол үшін қазіргі таңда учаске бөлініп, қажетті техника әкелінген, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұған дейін жүргізілген техникалық тексеру нәтижесінде аудандағы үйлердің толық жанып кеткені және оларды қалпына келтіру мүмкін еместігі белгілі болды.
Осыған байланысты жаңа баспананы орманнан алыс жерге салу шешім қабылданды. Ол үшін Әулиекөл ауылында 2 гектар жер учаскесі бөлінді.
Онда әрқайсысының аумағы 100 шаршы метр болатын 91 үй салу жоспарланған.
Тұрғын үй құрылысы 2,5 айда аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың дерегінше, үйлер Мақтааралдағы су тасқыны кезінде жүзеге асырылған жоба негізінде салынады.
«Мақтаарал – Оңтүстікте орналасқан өңір. Ал бізде жылыту маусымы ұзаққа созылады. Президент үйлерді біздің климаттық жағдайымызды ескере отырып салуды тапсырды. Яғни, олар қыста жылы болуы тиіс», - деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.
Құрылысқа қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Бұл орайда аймақтың климаттық ерекшеліктеріне байланысты жоба құны Мақтаралдағы құрылысқа қарағанда қымбат болуы мүмкін.