Ауыл әкімі сайлауына сайлаушылардың 1% қолын жинағандар түсе алады

0
658

Негізгі заң жобасы арқылы "Сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.


Ауыл әкімі сайлауына сайлаушылардың 1% қолын жинағандар түсе алады

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырыс барысында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға "Кейбір заңнамалық актілерге сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасымен түзетулерді мақұлдады, деп жазады zakon.kz.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округтер кенттері әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобалары әзірленгенін хабарлады.

Негізгі заң жобасы арқылы "Сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл реформа 2345 әкімшілік-аумақтық бірлікке қатысты. Бұл ретте 836 әкім ағымдағы жылғы екінші жартыжылдықта тікелей дауыс беру арқылы сайланады.

Сайланған әкім жүргізіп жатқан жұмысы туралы халыққа есеп береді. Мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы біліктілік талабына сәйкес келетін 25 жастан кіші емес ҚР азаматы әкім болып сайлана алады. Сайлауға саяси партиялар ұсынған кандидаттар мен дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-інің қолын жинаған өзін-өзі ұсынушылар қатыса алады, - деді ҰЭМ басшысы.

Ұсынылған кандидаттар болмаған не бір ғана адам ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы. Барлық кандидаттар үшін ең төменгі 1 жалақы мөлшерінде сайлау жарнасын енгізу көзделген. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуға 10 күн қалғанда өткізіледі. Сайлаудың қорытындысы сайлау өткізілгеннен кейінгі үш күн ішінде шығарылады.

Сонымен бірге, заң жобасы арқылы Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендету қарастырылып отыр. Барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне "Барлығына қарсы" деген баған қосылады.

Бюджет заңнамасының нормаларын ескере отырып, 2021-2022 жылдары қаржыландыру республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер, ал кейіннен 2023 жылдан бастап, жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылатын болады.

"Кейбір заңнамалық актілерге сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасы арқылы "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Саяси партиялар туралы" және "Мемлекеттік қызмет туралы" заңдарға түзетулер енгізіледі.

Ілеспе заң жобасына сәйкес ауыл әкімінің өкілеттігі оны сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталып, партияға мүшелігі жоғалған, мәслихат сенімсіздік білдірген, оның ішінде жергілікті қоғамдастық жиналысының бастамасы бойынша және мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес өзге де негіздеме болған жағдайда тоқтатылады. Ротация мен аттестаттауды алып тастау, тәртіптік теріс қылығы үшін лауазымын төмендету қарастырылған. Ауыл әкімін тәртіптік жазаға тартуға қатысты қалған шаралар өзгеріссіз қалдырылды.

Бұл реформалар азаматтардың өз конституциялық құқығын толыққанды жүзеге асыру белсенділігін көтеруге, ауыл әкімінің халықтың қажеті мен проблемасына ден қою жеделдігін арттыруға, сондай-ақ "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді, - деді Ә. Ерғалиев.