Ауылдағы ветеринарларға қосымша өкілеттіктер беріледі

0
675

​Ауыл шаруашылығы министрлігі парламентке ветеринария туралы заң жобасын енгізеді.


Ауылдағы ветеринарларға қосымша өкілеттіктер беріледі

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мал шаруашылығына ветеринарлық қызмет көрсетуді қалай жақсартатынын айтты, деп жазады sputnik.kz.

Айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктерді бөлу, ветеринариялық қызметті өзіне тән емес функциялардан босату көзделіп отыр.
"Сонымен қатар ауылдық округтердің ветеринария дәрігерлеріне қосымша өкілеттіктер беру, сондай-ақ ветеринария саласын цифрландыру бойынша ұсыныстар әзірленді. Қазіргі уақытта мал шаруашылығы саласындағы жағдайды өзгерту және оның даму тұрақтылығын арттыру мақсатында министрлік нақты шаралар қабылдап жатыр", - деді Қарашөкеев үкімет отырысында.
Ол бұл шаралардың бәрі ветеринария туралы заң жобасы арқылы заңнамалық деңгейде нығайтылатынын атап өтті. Заң жобасы биыл парламентке енгізіледі.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта мемлекеттік монополиядан барынша бас тарту және сол арқылы ветеринария саласына жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ министр мал шаруашылығын, ең алдымен, ветеринарлармен және зоотехниктермен қамтамасыз етуге назар аудару қажет екенін айтты.
"Бұл жерде әңгіме жоғары білімі бар мамандар туралы ғана емес, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын колледждер даярлайтын орта буын мамандары туралы да болып отыр. Сондай-ақ "Дипломмен ауылға" бағдарламасын күшейту және кеңейту арқылы ауылдарда кадрларды бекіту мәселесін шешу, оның нормаларын орта буын мамандарына да тарату міндеті тұр", - деді ол.
Бұған дейін Ербол Қарашөкеев мал шаруашылығының дамуын тежеп тұрған факторларды атады.