Оның өзімен бірге не құжаты, не телефоны болмаған.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Энрика есімді әйел Алматы көшесінде есінен танып құлаған ер адамға көмек көрсеткен. Оны мүлде танымаса да, ауруханаға бірге барған. Өкінішке қарай, ер адам ауруханада көз жұмған екен. Энрика ер адамның туыстарын тауып қана қоймай, оның құлап жатқан жеріне барып, ер адамның өлер алдында жақын маңдағы дүкеннен энергетикалық сусын алып ішкенін анықтаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Біз таңертең Шымкент қаласынан Алматыға келдік. Өзімнің үйіме келіп, балам мен сөмкемді көліктен түсірдім. Сол жерде өзінің иесіне көмек сұрап жүргендей мазасызданған итті байқадым. Оның иесіне «итіңізді алыңызшы» деп едім, «мен ауырып тұрмын, су бересіз бе?» деп айтты. Жүрегі ауырып тұрғанын айтып, жедел жәрдем шақыруымды сұрады. Мен үйге баламды кіргізіп, жылы су алып шығып, жедел жәрдем шақырдым. Бір емес, екі жедел жәрдем келді», - дейді ол.
Куәгер науқаспен бірге ауруханаға барған.
«Дәрігерлер қолынан келгеннін істеді. Оған өзім куә болдым. Уақытында келген жедел жәрдем көлігі, қызметкерлер система да қойды. Амал жоқ... Негізі мен науқаспен бірге рентгенге де бардым. Дәрігерлер қойған диагнозды да білдім. Бірақ маған үйімнен хабарласып, ит қашып кеткенін айтты. Сондықтан мен үйге кеттім. Ит жоғалып кете ме деп қорықтым. Ал жігіт дәрігерлердің бақылауында болғанына сендім. Ауруханаға байланыс нөмірлерімді қалдырған едім, бірақ ешкім хабарласпады. Үйге келген соң қарбалас басталып кетті. Ал кешке маған қоңырау шалып, жігіттің қайтыс болғанын айтты. Оның не құжаты, не телефоны болмаған. Мен оның туыстарын іздестіріп, таптым. Оның денесін мәйітханаға тапсырдым. Қолымнан келген көмегімді аяған жоқпын», - дейді ол.
Ер адамға көмектескен куәгер бәрін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Видеодан байқағанымыздай, науқас ауруханаға апара жатқанда сөйлеп жатқан, тек демалуы жиілеп, тыныс алуы күрденеле түскенін көруге болады.
Сондай-ақ ол оқиғаның куәгерлерін тауып әңгімелескен. Ер адамды танитындар ол үнемі энергетикалық сусын ішіп жүргенін айтқан.
«Қайтыс болған жігіттің соңғы алып ішкені - Gorilla энергетикалық сусыны болған. Куәгерлердің айтуынша, ол үнемі осы энергетикалық сусынды сатып алып ішкен. Қазір көп адам осы энергетикті көп мөлшерде ішкен соң ауруханаға түсіп жатқан көрінеді. Іше берсін, бірақ Ануардың өлімінен кейін ол организмде жиналып, әсерін жүрекке беретініне көзім жетті. Оған энергетикалық сусынды сатқан адамммен де сөйлестім. Ануар ажалына жарты сағат қалғанда да осы энергетикті алған екен. Сатушының өзі де энергетикалық сусынды көп ішкен соң, жарты жыл бұрын жансақтау бөлімінде жатып шығыпты. Осы сусынды тұтынбай жүргеніне 3 ай болған. Ол тілің жұтылып, аяғың қозғалмай, алдымен терлеп сосын дірілдейсің дейді. Жүрек талмасының белгілері бар», - дейді ол.
Энергетикалық сусындар — бұл кофеині жоғары қуат беретін сусын. Көптеген адам мұндай сусынды ішкенде бойына ерекше қуат бітіп, шабыт алады.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусын сатылмайтын болды.