Бағдат Мусин бірінші сынып оқушыларына жалға планшет беруді ұсынды

0
446

Мұндай әдіс бірқатар дамыған елдерде, оның ішінде Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркияның мектептерінде жақсы нәтижеге әкелді.


Бағдат Мусин бірінші сынып оқушыларына жалға планшет беруді ұсынды

ERNUR.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин оқушылардың сөмкесін жеңілдету үшін планшетті жалға беруді ұсынды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әріптесім Асхат Қанатұлы (ҚР Оқу-ағарту министрі – Асхат Аймағамбетов – ред.) ұсынғандай, «Ауыр рюкзактар» мен мектептердегі цифрландыру деңгейін арттыру мәселелері планшет қолдану арқылы шешімін табуы мүмкін. Планшеттер цифрлық оқулық ретінде немесе үйден онлайн білім алу құралы ретінде қолдануға оң әсерін тигізеді», - деді Б. Мусин Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, мұндай әдіс бірқатар дамыған елдерде, оның ішінде Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркияның мектептерінде жақсы нәтижеге әкелді. Бұған қоса, оқушылар үшін шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік береді.

«Аталған елдерде осы шешім негізінде өңірлер арасындағы «цифрлық» теңсіздікті төмендету, оқушылардың рюкзактарын жеңілдету бағытында мақсат қойылды. Біздің ұсыныс – 2023 жылы 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушыларын сервистік модель арқылы планшеттермен қамтамасыз ету», - деді ол.

Ұсынылып отырған механизнің бірқатар артықшылықтары бар.

«Біріншіден, сервистік модельді пайдалану тікелей сатып алуға қарағанда бастауыш сыныптарда 4 жылға арналған келісімшарт сомасын бөлу арқылы бюджетке жүктеме азаяды. Бұл механизм халық пен бизнес арасында телефондар мен планшеттерді сатып алу кезінде белсенді тапсырысқа ие. Екіншіден, планшеттерді жалға беру қызметінен басқа, оқушылар үшін арнайы тарифпен мобильді интернет, планшеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет сатып алынады.

Үшіншіден, рұқсат етілген онлайн ресурстар тізімі, яғни «ақ интернет» қашықтан жаңартылып отырады. Ең бастысы, шетелдік өндірістерге тәуелділікті азайту мақсатында, бұл механизм тек отандық өндірушілер үшін ғана қолжетімді болады», - деді Бағдат Мусин.

Бұл ретте отандық өндеуді 3 кезеңге бөлу ұсынылады.

«Бірінші кезең - елімізде негізгі компоненттерді құрастыру желісін орнату және одан мамандар даярлауды қамтиды. Екінші кезеңде жаңа мамандарды оқыту үшін жоғары оқу орындарымен және колледждермен синергия қажет. Үшінші кезең – планшеттерді жасау кезінде практикалық қолдануға бағытталған R&D жұмыстарының жиынтығын қамтиды. Бұл кезеңде университет түлектері микроэлектроника саласында жаңа өнімдерді жасауға қатысады», - деп түсіндірді Цифрлық даму министрі.

Бағдат Мусин Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, биылғы 15 қарашаға дейінгі планшеттерге қойылатын негізгі талаптарды, оның ішінде интернетке қол жеткізуге арналған сенімді сайттар тізімін бекітуді, оқушыларға планшеттерді сатып алу мен берудің жыл сайынғы механизмін анықтауды ұсынды.

«Қаржы министрлігімен бірлесіп, биылғы 1 желтоқсанға дейін сервистік модель бойынша планшеттерді сатып алу мәселесін пысықтау керек. Біздің министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, планшеттер мен интернеттің үздіксіз жұмыс істеуі үшін сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін», - деді министр.