Бағдат Мусин Цифрлық даму министрі болып тағайындалды

0
784

Бұған дейін ол аталмыш ведомствода министрдің міндетін атқарушы – бірінші вице-министр болды.


Бағдат Мусин Цифрлық даму министрі болып тағайындалды

Мемлекет басшысы Бағдат Мусинді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.


"Бағдат Батырбекұлы Мусин Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалсын", - деп жазылған құжатта.


Мусин Бағдат Батырбекұлы 1983 жылы 3 наурызда Павлодар облысының Екібастұз қаласында туған. Сүлеймен Демирел атындағы университетті «инженер-жүйе технигі» мамандығы бойынша, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын инженер-бағдарламашы болып бастады, Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК АЖ сүйемелдеу бөлімінің бастығы, ҚР Әділет министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Ақпараттық технологиялар басқармасының бастығы болып жұмыс істеді, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің құрылымында басшылық қызметтер атқарды, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазпошта» АҚ, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетін басқарды.

2020 жылдың наурызынан бастап ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.

2020 жылдың шілдесінде ҚР Үкіметінің қаулысымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бірінші вице-министрі болып Бағдат Мусин тағайындалды. Сондай-ақ ол уақытша министр қызметін атқарды.