Өткен жылдың қыркүйегінде ІІМ Бауыржан Дәуітбаевтың іс-түзсіз жоғалуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
ERNUR.KZ. Байзақтағы жарылыс кезінде жоғалған сержантты іздеу жұмыстары қайта басталды. Қыс түскенге дейін оны 2,5 мыңдай адам іздеген. Алайда арада 8 ай өтсе де, Бауыржан Дәуітбаевтан ешқандай хабар жоқ, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қорғаныс министрлігі кіші сержант туралы қандай да бір хабар алғанша іздеу жұмыстарын жалғастыра бермек. Осы уақытқа дейін жиырмаға жуық елдімекеннің маңын әскерилер тексеріп шыққан. Аяғы ауыр әйелі мен үш баласы күтіп отырған 34 жастағы Дәуітбаевты іздеуге 2427 адамнан шыққан. Одан өзге, өтімділігі жоғары 50 техника, тікұшақтар мен ізшіл иттер де жұмылдырылған.
«Апат болғалы бері Қарулы күштердің әскери қызметшілерімен бірге Жамбыл облысы Полиция департаменті мен Ұлттық ұланның өкілдері жұмылдырылған іздестіру жұмыстарына 2427 адам тартылды. Шайқұрық, Аса, Айша бибі, Байзақ, Луговое, Меркі, Бурный, Бектөбе, Қарасу алабы, Түркісіб, Мақпал, Қайнар, Гродеково және тағы басқа ауылдар мен таулы жерлерде іздестіру жүргізілді. Өкінішке қарай, бұл жұмыстар оң нәтиже берген жоқ. Қыс мезгілі аяқталған соң кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру жұмыстары қайта басталды. Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің табылуына бар күшін салып жатыр», - деді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
2021 жылғы 16 қыркүйекте Ішкі істер министрлігінің Әскери тергеу басқармасы кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың іс-түзсіз жоғалу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кетейік, 2021 жылыдң 26 тамызында Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қару-жарақ қоймасы жарылып, 17 адам қаза тапты. 1 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қаза болғандардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің, прокуратура мен әскери қызметшілер бар.