"Қажетті шаралар қабылданды. Енді өңірлер қарқынды жұмыс істеуі керек", - деді үкімет басшысы.
ERNUR.KZ. Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырмалар берді, деп жазады baq.kz.
Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына бюджет қаражатының уақытылы әрі сапалы игерілуін, оның ішінде олардың экономиканың нақты секторларына дейін жеткізілуін бақылауда ұстауды тапсырды.
Үкімет әлемдік және өңірлік экономиканың сын-қатерлеріне жауап беретіндей дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап, іске асырып жатыр. "Жұмыспен қамту" жол картасы бекітілді. Ол 7 мыңнан астам инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға және шамамен 250 мың жаңа жұмыс орнын құру арқылы жұмыспен қамтуға бағытталған, - деді Мамин.
Оның айтуынша, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, коммуналдық шаруашылық бағыттары бойынша 600 жаңа нысан салу көзделген.
Бірқатар мемлекеттік бағдарламаны, оның ішінде "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" бағдарламаларын құрылысты кеңейту бойынша қаржыландыру ұлғайтылды. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарын салықтық ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылданды. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын жеңілдікпен кредиттеу 1 трлн теңгеге дейін кеңейтілді, - дейді үкімет басшысы.
Ол министрлер мен әкімдерді қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтаумен өңірлерде дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуына бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Қажетті шаралар қабылданды. Енді өңірлер қарқынды жұмыс істеуі керек. Барлығы мемлекеттік органдардың тиімді және үйлесімді жұмысына байланысты. Премьер-министр орынбасарларына осы мәселелерді өз бағыттары бойынша бақылауда ұстауды тапсырамын, - деді Асқар Мамин.