Олардың әрекеттері куәгердің камерасына түсіп қалды.
ERNUR.KZ. Екібастұзда карантин тәртібін өрескел бұзған үш азамат ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Нақтырақ айтқанда, 34 жастағы ер адам карантинге жабылған тұрғын үйдің бірінші қабатындағы терезесінен секіріп түсіп, қашпақ болған. Алайда, ол автокөлігіне дейін жетіп үлгермепті. Полиция оны бірден ұстап, тұратын үйіне қайта жеткізген. Ал автокөлігін айып тұрағына алып кеткен. Екібастұзда тағы бір жағдай тіркелген. Карантинге жабылған М.Жүсіпов көшесі, 61-үйден үш адамнан тұратын отбасы шатыр арқылы қашпақ болған.
«Ер адам кәмелетке толмаған қызын көтеріп алған. Алайда олардың бұл әрекеттері куәгердің камерасына түсіп қалды. Карантин режимі мен төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБжК 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды», - деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Жалпы Павлодар облысында тәртіп сақшылары карантин режимін бұзудың 1020 жағдайын анықтаған. Бәрі де жоғарыда аталғандай 476-шы бап бойынша әкімшілік жазаға тартылған.
«Сот шешімімен 96 адам 5-тен 10 күнге дейінгі әкімшілік қамауға алынса, 199 адамға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 585 адам ескерту алды. 412 көлік айып тұрағына жеткізілді», - делінген хабарламада.