Баллонға құйып сатылатын газ бағасы жанармай стансасындағы бағамен теңестіріледі

0
507

Баллонға құйып сатылатын газдың 1 литрі 116 теңгеден босатылады.


Баллонға құйып сатылатын газ бағасы жанармай стансасындағы бағамен теңестіріледі

ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов тұрмыстық баллонға құйып сатылатын газ бағасы жанармай стансасындағы бағамен теңестірілетінін мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Ғани Хамзин сұйытылған газ тұтынушылардың құқықтарын теңестіру жөнінде сауал қойды.

«Өңірлердің көбіне халық сұйытылған газды тұрмыстық газ баллонына құйып пайдаланады. Оларға газдың 1 литрі 116 теңгеден босатылады. Мұны жанармай құю стансаларындағы сұйытылған газ бағасымен салыстырсақ, шамамен 2 есе қымбат. Мұндай әділетсіздік қашан жойылады», - деп сұрады Мәділіс депутаты.

Министр Болат Ақшолақов шынымен де жанармай ретінде сатылатын газ бен баллонға құйып сатылатын газдың бір зат екенін атап өтті.

«Бұл мәселені көптен бері талқылап келе жатырмыз. Шынымен де, газ жанармай құю стансасында сатыла ма, әлде газ баллонына құйып сатыла ма, екеуінің айырмашылығы жоқ. Біз мұны біріздендіреміз. Яғни, баға теңестіріледі. Газды баллонға құйып пайдаланушылар үшінде баға жанармай құю стансаларындағыдай болады. Демек, 1 литрі 50 теңгеден 75 теңгеге дейін болуға тиіс», - деді ведомство басшысы.